Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлеуметтанушылар қазақстандықтардың сайлау белсенділігі артқанын анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық интеграция институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың әрбір жаңа сайлау науқанына бұрынғыдан белсендірек қатысып келе жатқанын көрсетті.

сайлау
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Институттың әлеуметтік зерттеулер департаменті басшысы Гүлден Емішеваның онлайн-брифингте айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың 78,2%-ы сайлау мен референдумдарға қатысатынын мәлімдеген.

Зерттеу нәтижелері сайлау белсенділігінің тұрақты түрде өсіп келе жатқанын дәлелдеді. Сауалнамаға жауап берген азаматтардың сөзінше, 2023 жылғы Парламент сайлауына олардың 53,4%, 2024 жылғы республикалық референдумға 63,4%, 2026 жылғы республикалық референдумға 75,3%-ы қатысқан.

Гүлден Емішеваның сөзінше, сауалнама нәтижелері Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметтеріне барынша жақын.

Сондай-ақ, респонденттер 15 наурызда өткен Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға неліктен қатысқанын түсіндірген. Басым көпшілігің оның себебін азаматтық жауапкершілік деп айтқан.

Толығырақ айтқанда, сауалнамаға жауап бергендер республикалық референдумға қатысуының негізгі себептері ретінде мына факторларды атады:

• азаматтық борыш – 71%;

• жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығы – 69,6%;

• дауыс беруді ажырамас демократиялық құқық ретінде қабылдау –31,4%;

• сайлауға қатысуға мүмкіндік беретін жасқа толу – 18%.

Гүлден Емішеваның пікірінше, азаматтардың 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына қатысуына да дәл осы факторлар ықпал етуі мүмкін.

Зерттеу авторлары көрсеткіштердің жалпы жиынтығы 100%-дан не себепті асатынын түсіндірді: респонденттерге бірнеше жауап нұсқасын қатар таңдауға мүмкіндік берілді.

Айта кетейік, зерттеу 2026 жылғы 16–26 шілде аралығында бетпе-бет (face-to-face) сұхбат әдісімен жүргізілді. Сауалнамаға Қазақстанның 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 4000 респондент қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Құрылтай сайлауына қатысты ақпаратты көбіне қайдан алатынын жазғанбыз.