Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік масылдық арасындағы шек аса нәзік - Г. Қарағұсова

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік масылдық арасындағы шек аса нәзік. Бүгін Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында сайлаушылармен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова осылай мәлім етті.

Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік масылдық арасындағы шек аса нәзік - Г. Қарағұсова

«Елбасының бағдарламалық мақаласында - елдің гүлденуінің бірден-бір көзі еңбек екеніне тағы бір мәрте баса назар аударылды. Жалпы, өз қоғамының игілігі үшін жасалатын кез-келген  еңбек лайықты бағалануы керек. Мемлекет әрбір азаматтың өз отбасын нығайту арқылы қоғамның дамуына жәрдем жасайтын кез-келген қадамды құптайтын болады. Ал бүгінгі күні Испания, Италия, Грекия мен Португалияда орын алып жатқан жағдаяттарды сараласақ, шын мәнінде еңбек қоғамына барынша назар аударудың қажеттігі туындайды. Бұрынғы министр ретінде менің байқағаным, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік масылдық арасындағы шек аса нәзік. Ал біз дәл осы шектен асқан сәттен бастап өзіміздің азаматтарымызға көмектеспейміз, керісінше олардың әлеуметтік масылдығын  тудырамыз», - деді Г. Қарағұсова.

Депутаттың айтуынша, кез-келген әлеуметтік төлемдер басым жағдайда еңбекшілердің есебінен төленеді. Ендеше, жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақылардың қажеттігі шамалы. «Қазақстанда еңбекке қабілетті азаматтар 8 млн. адам. Ал біздің ауқымды территориямыздағы жүзеге асып жатқан алып жобаларымызды есепке алсақ, онда бізде жұмыссыздар мәселесі мүлдем болмауға тиіс. Сонымен қатар, жыл сайын біздің елімізде 21 мыңға тарта жұмыс орны бос қалып жатады. Бұл - адамның жоқтығынан емес, маманның жоқтығынан. Ендеше, қайта оқуға, маманның біліктілігін арттыруға барынша мән беріліп отырудың себебі осында жатыр. Сонда ғана мемлекеттің әлеуметтік саланы дамытуға мүмкіндігі молынан болады», - деді Г. Қарағұсова.