Әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері нақтыланды
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша заң жобасымен мөлшерлемелерді және аударымдар мен жарналарды есептеу нысандарын өзгерту, сондай-ақ төлеушілердің жаңа санаттарын, олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асыратын жаңа адамдардың санаттарын енгізу, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында түзетулер қарастырылып отыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов заң жобасы бойынша баяндамасында.
Оның сөзіне қарағанда, елдегі макроэкономикалық жағдайға байланысты, сонымен бірге жұмыс берушілерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігі жұмыс берушілердің аударымдарының деңгейін төмендету, жеке кәсіпкер жарналарының мөлшерін бекіту ұсыныстарын енгізген болатын.
«Мемлекеттің қорға төлеуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарынан 3,75 пайыз деңгейінде ұсынылады. Жұмыс берушілердің сақтандыру аударымдары 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 1 пайыз, ал 2018 жылғы 1 қаңтардан 1,5 пайыз болуы ескерілген. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жарналары ең төменгі екі жалақыдан 5 пайызды құрайды», - деді министр.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қаматамасыз ету мақсатында жарналардың мемлекет төлейтін адамдар санатында 4 жаңа санатты қосу ұсынылады. Осы орайда жұмыс істемейтін 18 жасқа дейін мүгедек балаға күтімді жүзеге асыратын азаматтар, жұмыс істемейтін оралмандар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, үш айдың ішінде орта техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары білімнен кейін білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған адамдар қамтылып отыр.
Белгілі болғандай, аударымдар және жарналар төленбеген жағдайда МЭМС жүйесіндегі медициналық көмекке азаматтардың құқығы бойынша норма нақтыланады.
Бұдан басқа, уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қордың күтілмеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру мен пайдалану және оларды бекіту тәртібін әзірлеу бөлігіндегі құзыреті толықтырылады. Сонымен қатар әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тетігі ретке келтірілді.