Әлеуметтік мекемелер арасында спорттық жарыс өтті

Оған Көшім балалар медициналық-әлеуметтік мекемесі, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және өзге ұжымдардың спортшылары қатысып, волейбол, дойбы, үстел теннисі және бильярд бойынша өзара күш сынасты.
Спартакиаданың ашылу рәсімінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Кемел Сәдбеков жиналғандарды мерейлі мейрамдармен құттықтап, тың табыстар тіледі. Жарысқа қатысушыларды Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, Круглоозерный кенттік округінің әкімі Қайырғали Нәдірғалиев, аталмыш мекеменің директоры Қайреден Жақсығұлов құттықтады.
Тартысты өткен жарыс соңында жеңімпаздар анықталды. Волейболдан ерлер және әйелдер арасында жергілікті спортшылар жүлделі бірінші орынды иеленсе, үстел теннисінен көшімдік М.Ибрашев шашасына шаң жұқтырмады. Әйелдер арасынан «Шапағат» мемлекеттік мекемесінің мұғалімі Б.Жартыбаева бірінші орынды жеңіп алды. Дойбыдан сол ауылдың тұрғыны А.Ахмедиярова алға суырылып шықса, ерлер арасындағы бірінші орын көшімдік М.Ибрашевтің еншісіне бұйырды. Ал бильярдтан Круглоозерный медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры Қайреден Жақсығұлов бірінші орынды жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына марапат қағаздары мен кубоктар салтанатты түрде табыс етілді.