Әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша «Нұр Отан» партиясы жоғары тұрақты электронды рейтингке ие - «InfoSystem» зерттеу орталығы
АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда өтетін алдағы сайлауда ҚР Парламентіне өтуге қажетті электронды қолдау деңгейі «Нұр Отан» партиясында ғана бар.
Алматыдағы «InfoSystem» Зерттеу орталығы» қоғамдық қорының шілде айында жүргізген әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы осындай болды. Зерттеу нәтижесімен бүгін Астанада орталық директоры Салтанат Ахмедова таныстырды.
«Біз халық арасында жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша ҚР-дағы саяси партиялардың танымалдылық деңгейін шығардық. Сауалнама қорытындысы бойынша 95,2 пайыздық көрсеткішпен «Нұр Отан» партиясы көш бастап келеді. Ал халықтың 78,8 пайызы партияға деген сенімдерін білдірген. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 5-тен 20 пайызға дейінгі үлесі басқа партияларға сенетіндігін көрсеткен», - деп мәлім етті С.Ахмедова.
«Яғни, Қазақстанда өтетін алдағы сайлауда ҚР Парламентіне өтуге қажетті электронды қолдау деңгейі «Нұр Отан» партиясында ғана бар деп айтуға болады», - деп атап өтті ол.
«InfoSystem» Зерттеу орталығының хабарлауынша, әлеуметтік сауалнамаға республиканың 14 облысы, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларынан 1 602 қазақстандық азамат қатысқан.