Әлеуметтік жаңғыру жолдауы адам әлеуетін жаңа биікке көтереді - Ә. Бәйменов
АНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлеуметтік жаңғыру Жолдауы адам әлеуетін жаңа биікке көтереді. Президенттің бұл Жолдауы - адам әлеуетін арттыруға бағытталған Жолдау болды.
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.
«Біздің ғасыр - адам әлеуетін дамытатын ғасыр. Сол себепті де білім мен ғылым саласына, денсаулық сақтау саласына баса мән берілгені - Жолдаудың ерекшелігі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, Президенттің Үкіметке жүктеген халықты еңбекпен қамту, ауызсу сапасын көтеру бағдарламасы әлеуметтің әлеуетін жаңа биікке көтеруге алып келеді. Біз «Ақ жол» партиясы бірнеше жылдар бойы ауызсу мәселесін көтеріп келе жатырмыз. Су мәселесінің дағдарыс кездеріндегі бір-екі жылдық бағдарламадан ұзақ мерзімді бағдарламаға айналғаны да біз үшін маңызды. Бұны да Елбасы өз Жолдауында атап өтті. Ал тұрғын үй мәселесіне келсек, расында да жұртшылықтың басым бөлігі 1960-70 жылдары салынған көпқабатты үйлерде тұратындықтан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы да елдің көпшілігінің көңілінен шығатыны сөзсіз», - деді Ә. Бәйменов.
Сөз арасында референдумға қатысты өз пікірін білдірген партия төрағасы, бұған дейін де Мемлекет басшысына жеке көзқарасын жеткізгенін, ол бойынша Президенттің бірқатар ұсыныстарды оң қабылдағанын айтты. «Менің ойымша, референдум туралы түпкілікті шешім қабылданған кезде Елбасы келесі кезектегі атқарылатын саяси реформалар туралы мәселе қозғауды қолға алады деп ойлаймын. Солай болса, былтыр басталған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, бүгінгі Жолдаудағы әлеуметтік жаңғыру бағдарламасы және саяси реформалардың жаңғыруы қосылып алдағы еліміздің онжылдық бағдарына айналар еді», - деді Ә. Бәйменов.