Әлеуметтік қызметтер порталында қауіпсіздік пен қолжетімділік артты

АСТАНА. KAZINFORM — Енді тапсырысты QR арқылы қол қою немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растауға болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

Әлеуметтік қызметтер порталында қауіпсіздік пен қолжетімділік артты
Видеодан алынған скрин

— Пайдаланушы өзіне ыңғайлы тәсілді өзі таңдайды. QR арқылы қол қою жаңа мүмкіндігі ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға беруге байланысты тәуекелдерді азайтып, қызметтердің қауіпсіздігін арттырады, — делінген хабарламада.

Тағы бір жаңалық — тауарды SMS-код арқылы растау. Жеткізу кезінде немесе тауарды өзіңіз алып кеткен жағдайда алушының ұялы телефонына бір реттік SMS-код жіберіледі. Код расталғаннан кейін тапсырыс автоматты түрде «Орындалды»мәртебесіне өтеді. Бұл тауарды алу процесінің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

— Aleumet порталында техникалық оңалту құралдарын алушыларға арналған онлайн-сауалнама іске қосылды. Пайдаланушылар техникалық оңалту құралдарының құны, қосымша төлем мөлшері және оларды сатып алу қолайлылығына қатысты өз пікірлерін білдіре алады. Сауалнамаға порталдағы сілтеме немесе QR-код арқылы қатысуға болады, — деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ Inva.gov.kz порталында онлайн өзін-өзі бағалау сауалнамасы іске қосылды. Объект иелері мен бизнес өкілдері өз нысандарының қолжетімділігін бағалап, анықталған кедергілерді жою бойынша ұсынымдар ала алады. Ол үшін портал немесе QR-код арқылы сауалнаманы ашып, өту қажет болады.

Әлеуметтік қызметтер порталы цифрлық шешімдерді тұрақты түрде енгізе отырып, әлеуметтік қызметтердің ыңғайлылығын қамтамасыз етуді жалғастыруда.