Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілер электр энергиясын жеңілдетілген тарифпен ала алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндірушілер үшін электр энергиясының құнын төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа тетік әзірленді, деп хабарлайды Табиғи монополияларды реттеу комитеті.

ч
Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

Ұлттық экономика министрлігі Қоғамдық маңызы бар нарықта баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі.

Құжат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілерді қолдауға және электр энергиясы шығындарын азайту арқылы өндіріс шығынын төмендетуге бағытталған.

– Бұйрық жобасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндірушілерге электр энергиясын қолданыстағы босату тарифінің 20 пайызына дейінгі төмен бағамен сатып алу мүмкіндігін беру ұсынылады. Жеңілдетілген тариф тек аталған өнімді өндіруге тікелей жұмсалатын электр энергиясының көлеміне ғана қолданылады, – делінген хабарламада.

Бұл тетік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша орталық мемлекеттік органмен немесе жергілікті атқарушы органмен меморандум жасалған жағдайда қолданылады.

Жаңа норма нан, ұн, сүт өнімдері, жұмыртқа, қант, ет және заңнамада белгіленген өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіретін кәсіпорындарға қатысты болады.

Комитеттің мәліметінше, электр энергиясына кететін шығынның азаюы өндіріс шығынын қысқартып, өнім бағасын тұрақты деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

«Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізу жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсу қарқыны төрт есе баяулады.