Әлеуметтік төлем қандай жағдайда кері қайтарылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әлеуметтік төлемді 1 млн 64 мың адам алған. Оларға жалпы 527 млрд теңгеге жуық қаражат төленді. 

жалақы
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Оның мақсаты жұмыс істейтін азаматтарға заңда көрсетілген әлеуметтік жағдайлар туындаған кезде қаржылай қолдау көрсету. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлейді. Ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда, жүйеге қатысушы азамат заңда белгіленген талаптарға сай болса, әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Әлеуметтік төлемдер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес тағайындалады. Оны алу үшін делдал іздеп, біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ.

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әлеуметтік төлемді 1 млн 64 мың адам алған. Оларға жалпы 527 млрд теңгеге жуық қаражат төленді.

— Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің алты түрі бойынша төлем қарастырады. Олар — еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмыстан айырылу, жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу, жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуға байланысты табыстан айырылу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу. Әр төлемнің өз талаптары бар, — делінген хабарламада.

Әлеуметтік желілерде азаматтарға әлеуметтік төлемді рәсімдеп беру, оны ұзарту немесе жұмысынан айырылғаны үшін төлем алып беру туралы ұсыныстар кездесуі мүмкін. Мұндай ақпаратқа бірден сенбей, алдымен оның дұрыстығын тексерген жөн. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты ресми мемлекеттік ресурстардан алуға кеңес береді.

Әлеуметтік төлем тағайындалған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынылған мәліметтерді заң талаптарына сәйкес тексереді. Сондықтан төлем рәсімдеу кезінде шынайы ақпарат пен дұрыс құжат ұсыну маңызды. Бұл төлемнің заң талаптарына сай тағайындалуын қамтамасыз етіп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаражатын қорғауға мүмкіндік береді.

Сондықтан төлем рәсімдеу кезінде шынайы ақпарат пен дұрыс құжат ұсыну маңызды. Мысалы, жалған жұмысқа орналастыруды рәсімдеу немесе төлем алу үшін шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет беруге келіспеген жөн. Егер әлеуметтік төлем заңсыз алынғаны анықталса, қаражат заңда белгіленген тәртіппен қайтарылуы мүмкін. Ал әдейі жалған мәлімет беру заң бойынша жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

— 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға қатысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде сот 7 үкім шығарған. Тергеу барысында азаматтарды әлеуметтік желілердегі хабарландырулар мен ұсыныстар арқылы заңсыз төлем алу схемаларына тарту фактілері анықталған, — делінген министрлік хабарламасында.

Жеке және қаржылық деректердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу кезінде азаматтар жеке куәлік деректерін, банк картасының мәліметтерін, банкке қатысты құпия ақпаратты, SMS арқылы келген кодтарды, ЭЦҚ-ға қатысты мәліметтерді және өзге де жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуі керек.

Сондай-ақ «төлемді міндетті түрде рәсімдеп беремін», «төлемді тездетіп аламын» немесе «төлем мерзімін ұзартып беремін» деп қызмет ұсынатын адамдарға ақша төлеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік төлемдер заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындалады. Сондықтан төлем тағайындау туралы шешім заңда көрсетілген талаптар мен ұсынылған мәліметтер негізінде қабылданады.

— Әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттары мен тәртібі туралы өзекті ақпаратты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми ресурстарынан, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталынан алуға болады. Қосымша сұрақтар бойынша 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Қазақстанда кей жәрдемақылар үш жылда бір рет көтерілетіні туралы жазған едік