Маман интернет арқылы тамаққа тапсырыс бергенде нені ескеру керек екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев тамаққа тапсырыс беру кезіндегі ұсынымдармен бөлісті.

Қазір интернет (әлеуметтік желілер) арқылы тамаққа тапсырыс беру адамдардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Дегенмен тапсырыс берген кезде әр тұтынушы ескеру керек тұстары да бар.
Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаевтың сөзінше, тамақты үйден істейтін емес, өндірістік цехі бар орындардан тапсырыс беріп, алған дұрыс.
— «Күмәнді» сайттар арқылы үйде дайындалған аспаздық, кремді-кондитерлік өнімдерді және консервіленген өнімдерді сатып алмаңыз. Қоғамдық тамақтандыру өнімдері дайындайтын стационарлық объектінің (өндірістік цехтың) бар екендігіне көз жеткізіңіз, осы деректерді 2ГИС арқылы тексеріңіз. Сонымен қатар пікірлерді сайтынан немесе 2ГИС оқыңыз. Бұдан бөлек жеке тұлғаларға төлемдерді аудармаңыз, кәсіпкердің деректемелері мен сатушының мекенжайы көрсетілген фискалдық түбіртек алатын-алмайтыныңызды тексеріңіз, — дейді Арыспаев.
Департамент басшысы атап өткендей, тапсырысты алған кезде тамақтың қаптамасын мұқият тексерген жөн.
— Қаптаманың (контейнерлердің) тұтастығы және ластануының болмауын, өнімдерде көрінетін зақымдардың болмауын (шетелдік қосындылар) тексеріңіз. Сондай-ақ әрбір орамада мыналарды көрсететін этикетканың болуы тиіс: ыдыстың (өнімнің) атауы, тамақ өнімінің атауы мен өндірісінің мекенжайы, дайындалған уақыты мен күні, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары, дайындау бойынша ұсыныстар (қажет болған жағдайда), — деп түсіндірді Мұқамғали Арыспаев.
Оның айтуынша, өнімнің сақтау мерзімі мен сақтау шарттары туралы мәліметтерді де ескерген дұрыс.
— Сатып алған тауардың түбіртегін 5 күн бойы сақтаңыз. Ыстық тағамдарды бірден жеп, келесі күнге қалдырмаған дұрыс. Жеке гигиена ережелерін сақтаңыз. Сонымен қатар тамақтан улану белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгініңіз, — деп кеңес берді маман.
Осыған дейін хабарланғандай, бұдан былай ұлттық ұлан сарбаздарына ұлттық тағамдар беріледі.