Әлеуметтік желі қазақ тілін тез үйренудің жаңа жолы – мұғалім-блогер
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін дәріптеп, оны үйретудің жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеген қазақ тілі пәнінің мұғалімі әрі блогер, «Қоғам қайраткері» медалінің иегері Алтынай Өтегеновамен Kazinform тілшісі сұхбаттасты.
— Tiktok желісінде 70 мыңнан астам оқырманыңыз бар. Бейнероликтеріңіз миллиондаған қаралым жинайды. Қарапайым мұғалімнің әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін үйретуіне не түрткі болды?
— Мен TikTok желісіндегі парақшамды 4 жыл бұрын жүргізе бастадым. Негізінде бұл жерде үлкен бір мақсат болды. Тек қана Қазақстанда емес, қазақ тілін басқа елдерде де үйренсе, қазақ тілінің көркем, сұлу тіл екенін паш етсем дедім. Сосын қазіргі қоғам мен тіл курстарына анализ жасап, ең тиімді тәсіл әлеуметтік желілерді қолдану екенін түсіндім. Себебі олардың ықпалы жылдан жылға артып келеді. Бүгінге дейін осы миссиямды атқарып келемін. Алғашқыда қарапайым сөздердің аудармасы туралы бейнероликтер түсірдім, шағын диалогтар жасадым, қажетті құттықтау сөздерді көрсеттім. «Қазақ тілін не үшін үйрену қажет» деген бейнежазба — жақсы қаралым жинағандардың бірі болды. Кейін ойын ретінде тіл үйренуге көмектесетін бейнероликтер әзірлей бастадым. Уақыт өткен сайын желі қолданушыларының қызығушылығы артып келеді.

— Бүгінгі қоғамда қазақ тілін үйренуге қызығушылық қаншалықты артқан? Соның ішінде әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік тілді үйренетіндер көбейді ме?
— Иә, Құдайға шүкір, жылдан жылға қоғамда қазақ тіліне деген қызығушылық артып жатыр. Тек Қазақстанда ғана емес, шетелде біздің тілімізді үйреніп жатқан азаматтар көп. Оған үлкен себепші — бұл әлеуметтік желілер. Меніңше, ана тілімізді дәріптеуде біз осы құралды мейлінше кеңінен қолдануымыз керек. Одан бөлек өңірлерде қазақ тілін үйрететін көптеген курстар ашылып жатыр. Бұл да тілге үйренуге сұраныс артқанын көрсетеді. Жалпы қазақша сөйлеуді мақсат ететін адамдардың жас мөлшері 13 жастан басталады. Бірақ егде жастағы азаматтар да жоқ емес. Менің курсыма қатысып, жасы 70-тен асқан ата-әжелеріміз де қазақ тілін үйреніп жүр. Бұл өте дұрыс, себебі адам ешқашан бір жерде тоқтап қалмауы керек, әрдайым оқу үстінде, даму үстінде болуы керек.
— Жаңадан бастағандар қанша уақыт ішінде қазақша сөйлей бастайды және еркін сөйлеу үшін қанша уақыт қажет?
— Ағылшын тілінде 1-2 ай оқытып, сол тілде сөйлеп кетесіз деген курстар бар. Сол секілді меніңше, қазақ тілін қысқа мерзімде — 1,5-2 айда үйреніп, тұрмыстық тілде сөйлеп кетуге болады. Осы уақыт аралығында басқа адамдарды еркін түсіне бастайды және психологиялық шектеуден құтылады. Әрине, бұл адамның мақсаты мен ниетіне де байланысты. Екінші мәселе — методикаға назар аудару қажет. Менің оқыту тәсілім 50% математика және 50% психологиядан құралған. Бірақ мен оқырмандарыма «өзіңізге ұнайтын методиканы, өзіңіз түсінетін ұстазды» табыңыздар деп кеңес беремін. Ал енді қазақ тілін тереңдетіп оқып, кәсібіне байланысты қазақша терминдерді үйрену үшін уақыт қажет. Бәлкім, жарты жыл қажет болар.

— Ең көп қаралым жинаған бейнероликтеріңіз қандай? Олар неліктен табысты болды деп ойлайсыз?
— Менің парақшамда 1-1,5 миллион, 2,5 миллион қаралым жинаған видеолар бар. Олардың көп қаралуының сыры — сапалы әрі түсінікті болуында деп ойлаймын. Мен қазақы түсіндіріп кеткім кеп тұрады, барлық ролигім жүректен шығады. Сен өз ісіңнің мықты маманы болып, оны жүректен, таза ниетпен адамдарға көмектесейін деп салғанда ол қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Сосын ол жай ғана роликтер емес, адамдардың қызығушылығын арттыратын ойын ретінде жасаймыз. Мысалы, «мына сөздің аудармасы қалай болады?» деп таймер қосамыз. Бірақ контентті әрқашан жаңартып, жаңашылдық енгізіп отыру керек, адамдарды жалықтырып алмау керек. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қазақ тілін үйреткенде ішкі намыс болады. Қазақ тіліне қатысты контенттің сапалы болғанын қалаймын. Оны көрген отандастарымыз болсын, шетелдіктер болсын тілге қызығушылығы артса — бұл нағыз бақыт. Биыл Tiktok еліміздегі қанша контент авторларының ішінде менің жұмысымды жоғары бағалап, «ең үздік танымдық контент авторы» марапатын берді. Бұл да қазақ тілінің мәртебесін артып келе жатқанын көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін қазақ жастары әзірлеген Aleem қосымшасы әлемдік рейтингте Duolingo-ны басып озды. Тіл үйренуге көмектесетін платформаның басты ерекшелігі — оқу бағдарламасының әр қолданушыға жеке бейімделуінде. Жоба авторларының пікірін осы сілтемеден оқи аласыздар.