Әлеуметтік желідегі алаяқтықпен күресу үшін жұмыс тобы құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Meta компаниясымен ынтымақтастықтың негізгі бағытына тоқталды.

— Біз әлеуметтік желілердің барлығымен, оның ішінде Meta-мен де диалог жүргізіп жатырмыз. Өзара жақсы қарым-қатынас орнаған. Олар заңға қайшы контенттерді жоюда және таратпауға үлкен көмегін көрсетіп жатыр. Бірақ тағы бір мәселе, өздеріңіз де көріп отырғандай, алаяқтық жарнамалардың таралуы жиілеп кетті. Ауқымы өте үлкен. Бұл жайт тек біздің министрлікті ғана емес, сонымен қатар Meta компаниясын да алаңдатады. Сондықтан бірлескен жұмыс тобын құру, мәселені техникалық реттеу туралы шешім қабылдадық, — деді министр Ақордада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Бұған дейін Қазақстан Meta-мен бірге ЖИ мамандарын әзірлейтін бағдарламаны іске қосатынын жазған едік.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр.