Әлеуметтік желілердегі рейтингі үшін жол ережелерін бұзатындар бар – ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев жол ережелерін әдейілеп бұзатын жүргізушілерге қатысты пікір білдірді.
«Жүргізушілердің жол ережелерін сақтауы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізі. Cоңғы уақытта әлеуметтік желілерде жүргізушілердің заңды өрескел бұза отырып, көлік айдағаны туралы видеолар жиі тарауда. Олар мұны қаралым жинап, рейтинг көтеру үшін жасайды. Биыл 8 айда әлеуметтік желілерде 80-нен астам осындай бейнежазба анықталды. Барлық құқық бұзушы жауапқа тартылды», - деді Шыңғыс Алекешев ведомствода онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ІІМ өкілі көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізудің қауіпті екенін еске салды.
«Жыл басынан бері полиция 495 мың шақырым жолды қамтитын көше-жол желісіне 32 мың тексеру жүргізді. Жол қауіпсіздігін тексеру барысында 57 мыңнан астам ақау анықталып, оның қорытындысы бойынша 31 мың ұйғарым шығарылды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдар мен жолға жауапты ұйымдарға 4,5 мың ақпарат жолданды. Сонымен қатар автокөлік жолдарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды бұзған 4 мыңнан астам лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылды», - дейді ол.