Алғаш рет қазақ дәрігер Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары орденін алды
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 шілдеде Қытай астанасы Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды CCTV.
Іс-шара барысында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы, ҚХР төрағасы әрі Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар тұлғаға Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты — «1 шілде» орденін табыстады.
Биыл аталған жоғары марапатқа сегіз адам ие болды. Олардың қатарында қазақ ұлтының өкілі, дәрігер Оқас Сүлеймен де бар.
Қытайдың ресми бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Оқас Сүлеймен шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға өмірін арнаған дәрігер. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы ат үстінде жүріп, дәрі қобдишасын серік етіп, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан жайлау мен киіз үйлерді аралап, жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді.
Оқас Сүлеймен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек өңірінің Дөрбілжін ауданы мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ол 1975 жылдан бері 100 мыңнан астам науқасты емдеп, бірнеше мың ауыр халдегі пациенттің өмірін сақтап қалуға атсалысқан. Сонымен қатар 3200-ден астам нәрестенің дүниеге келуіне көмектескен.
Ауылдық денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ол бұған дейін «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі», «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» сияқты бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болған.
Ресми сипаттамада оның еңбегі «шекаралық өңір халқының денсаулығын қорғаған ақ халатты абзал жанның дәрігерлік ізгілігі мен партияның бастапқы миссиясына адалдығының жарқын үлгісі» ретінде бағаланған.
Айта кетейік, «1 шілде» ордені — Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты. Ол Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің шешімімен тағайындалып, марапатты ҚКП Орталық комитетінің бас хатшысы табыстайды. Орден 2017 жылғы 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген және, әдетте, бес жылда бір рет Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан партия мүшелеріне беріледі.
Марапат тағайындалғаннан бері оған барлығы 37 адам ие болды. Оқас Сүлеймен — осы жоғары марапатқа ие болған алғашқы қазақ ұлтының өкілі.