Алғашқы үш жолақты реверсивті жол қай өңірде салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында үш жолақты реверсивті қозғалыс қарастырылған жол салынады. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алғашқы үш жолақты реверсивті жол қай өңірде салынады
Фото: Көлік министрлігі

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Ақмола облысына іс-сапармен барып, Көкшетау — Зеренді тасжолындағы орташа жөндеу жұмыстарын тексерді. Аталған жол бойында елімізде алғаш рет реверсивті қозғалыс жолағы салынады. 

Алғашқы үш жолақты реверсивті жол қай өңірде салынады
Фото: Көлік министрлігі

Жоба аясында жолдың ені 7 метрден 11 метрге дейін кеңейеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, үш жолақты қозғалыс жүйесі іске қосылып, оның бір жолағы реверсивті болады. Бұл жолдың өткізу қабілетін арттырып, жол-көлік оқиғаларын алдын алуға мүмкіндік бермек. Әсіресе жазғы маусымда қозғалыс қарқындылығы артқан кезде туристер мен жергілікті тұрғындар үшін бұл жол ыңғайлы әрі қауіпсіз болады деп күтіліп отыр.

Алғашқы үш жолақты реверсивті жол қай өңірде салынады
Фото: Көлік министрлігі

— Жазғы уақытта Зеренді курорттық аймағына баратын көлік саны артатыны сөзсіз. Жөндеу жұмыстары 47 шақырымды қамтиды. Қазір жоба аясындағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жүріп жатыр, — деді вице-министр.

Алғашқы үш жолақты реверсивті жол қай өңірде салынады
Фото: Kөлік министрлігі

Зеренді курорттық аймағы — еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Мұнда жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден мыңдаған турист келіп демалады.

— Жалпы 2025 жылы ауқымды орташа жөндеу бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жол жаңартылмақ. Бұл жұмыстар ең алдымен туристік әлеуеті жоғары өңірлерге бағытталған. Атап айтқанда, Рахманов қайнары, Алакөл, Қайыңды мен Көлсай көлдері, Баянауыл, Кендірлі, Қорғалжын қорығы және Имантау-Шалқар курорттық аймағына баратын жолдар жөндеуден өтеді, — делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетелік БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мекеме басшысына айыппұл салынған еді.

Соңғы жаңалықтар