Алғашқы мүмкіндік болған күні-ақ біз Қазақстанға және өзіме қатты ұнаған Астанаға келуге дайынбыз, бұл тамаша қала - профессор Хорхе Боланос

СТАНА. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - ҚазАқпараттың бұл жолғы қонақтары да ерекше, атап айтқанда, еуропалық астаналардағы университет өкілдері, әлемге белгілі профессорлар, ғылым доктарлары: Әулие Климент Охридский атындағы болгарлық София Университетінің профессоры Татьяна Дронзина, Мадрид университетінің профессорлары Карлос Эчеверриа пен Альберто Морено, испандық Гранада Университетінің профессоры Хорхе Боланос.
None
None

- Қазақстанға келуге қандай себеп болғанын білуге болады ма?

Т. Дронзина: Ең біріншіден, бізді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен, НАТО қаржыландырып отырған лаңгестік мәселелері жөніндегі халықаралық семинарға қатысуға шақыры. Семинарға Әзірбайжан, Армения, Болгария, Испания, Италия, Марокко және басқа да әлемнің 9 елінен келген алдыңғы қатарлы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Сонымен қатар, бізді Ақмола облысының Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясында шағын «күзгі мектеп» ұйымдастыруға шақырды. Ол жерде біз үш күн бойы студенттер мен мұғалімдерге арнап, әрқайсымыз шиеленістер мен қауіпсіздік туралы екі дәрістен оқыдық.

Тағы да айтар болсам, біз Хорхе екеуміз қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар мен «Бота» қоғамдық қорының Астанадағы мектептік делдалдық институтын енгізу жөніндегі тұсаукесерлеріне қатыстық. Міне, осылайша Қазақстанға жолымыз түсті.

- Лаңкестік тақырыбындағы «дөңгелек үстелдің» өтетін орны неліктен Қазақстан болып таңдалды?

А. Морено: Бұл тақырып жай лаңкестік тақырыбынан әлдеқайда кең ұғымға ие. Қазақстан жер бетінде бейбітшілік пен келісімді сақтау ісіне қосқан ерекше еңбегімен танымал. Елдеріңіз өз кезегінде Батыс пен Шығыс арасындағы көпір тәрізді. Біз республика бейбітшілікті сақтауға ядролық қарудан бас тарту арқылы алғаш қадам жасағанын ұмытқан жоқпыз. Сонымен қатар, сіздерде халықаралық, конфессияаралық кездесулер жиі болып тұрады. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті де ұзақ жылдардан кейін Қазақстанда өтпекші.

Сондықтан Қазақстанда осындай жоғары деңгейлі кездесулер мен конференциялар өткізуге себеп көп. Біз сіздерге сенеміз және сіздердің мемлекеттеріңіз бен Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақ бойынша ғана емес, әлем бойынша тұрақтылықты сақтауға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз.

- Біздің білуімізше, сіздер Қазақстанға алғаш рет табан тіреп отырсыздар. Сіздерге Қазақстан несімен ұнады, сіздерді таң қалдырған тұстары қандай, сіздердің елдеріңіз бен біздің республика арасында ұқсастық бар ма?

Т. Дронзина: Мен Қазақстанға жиі келемін. Ең алғаш рет осында 5 жыл бұрын келгемін, сіңіп кеттім десе де болады. Келесі жолы келгенде, басқа алты тілмен қатар, қазақ тілін меңгеріп алатын шығармын. Жалпы айтсам, Болгария социалистік блокка кірген ел болғандықтан, қазақ елінде жүру маған оңай.

А. Морено: Астанадағы қозғалыс (көлік қозғалысы) Мадридтегі сияқты, бұл жат жерге үйренісіп кетуге септігін тигізді (күліп алды).

Әрине, біз бұрын сіздерге келіп -кеткен отандастарымыздан Қазақстан туралы еститінбіз. Алайда, сіздердің елдеріңіздің осыншама таң қаларлық екендігін көзге елестете алмаған едік.

Шынын айтқанда, сапарымыздың барысында біз студенттеріңіздің білімдері мен патриоттық сезімдеріне таңданыспен қарадық.

Ең алдымен, жастар халық болашағы болғандықтан, көзбен көрген құбылыстарымыз Қазақстандағы білім беру ел болашағы үшін алаңдамауға болатын деңгейде екендігін көрсетті.

Қазақстан - геогарфия тұрғысынан алып қарасақ, ұлан-ғайыр, ұлы мемлекет, тамаша табиғаты, әдемі қалалары бар, елі үшін қам жейтін 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді.

Маған Қазақстан шынымен қатты ұнады. Испанияда осындағыдай өзіндік ерекшелігі қамтылған көрініс жоқ, қазақстандықтардың мінезіндей тамаша, әрі шегі жоқ дала жазығы қатты ұнады.

Қазақ жерінде аз уақыт қана болдық, дегенмен оның өзі елге сүйсініп, қайран қалуға жеткілікті болды.

Астаналарыңызды да жақсы көріп кеттім, маған қаланың даму бағыттары, сәулеті, ерекшелігі ұнады.

К.Эчеверриа: Әріптесіммен келісемін. Қазақстан өзін қызықтыра алатын ел, сондықтан біз естігеніміз бен көргенімізді салыстыруға зор мүмкіндік алдық.

Менің ойымша, Қазақстанда туризм саласын дамытуда қазақстандықтардың болашағы зор. Бай табиғатының арқасында осы саланы дамытуға бұл жерде барлық мүмкіндік бар.

Испания туристер арасында танымал елдердің бірі, жыл сайын Испанияға 50 миллионнан астам адам келеді. Мен Қазақстан бұдан да көп туристерді қабылдай алады дегенге сенемін.

- Сіздердің айтуларыңызға қарағанда, сіздер Бурабайға да барған сияқтысыздар?

А. Морено: Иә, біз Бурабай жерінде де бірнеше күн болып қайттық. Ол таңғажайып мекен екен.

К.Эчеверриа: Бұл шындық. Мен елордаға қалай таңдансам, Бурабай да сондай сиқырлы жер болды.

Х.Боланос: Мен алғашқы мүмкіндік болған күні-ақ Қазақстанға және өзіме қатты ұнаған Астанаға келуге дайын екендігімізді айтар едім. Бұл тамаша қала, биік ғимараттары болған соң емес, халықтарыңыздың рухани мәдениетінің деңгейі соншалықты жоғары болғандықтан, бұл алып қала. Сіздердің көпұлттылықтарыңыз ел арасына іріткі салмайды, керісінше жаңа жетістіктерге жету үшін біріктіреді. Бұл керемет.

- Қандай ынтымақтастық болмасын, екі тарапқа да тиімді болуы керек, сіздер студенттермен білімдеріңізді бөлістіңіздер, ал өздеріңізге қандай «жүк» алып барасыздар?

А. Морено: Мен студенттермен кездесу барысында өзімді жас сезініп, олардың жаңа ойлары, ұзаққа баратын және батыл жоспарлары арқылы шабыттанғанымды қуана айтамын. Жалпы Қазақстандағы саясат пен қоғам мені әлдеқайда жас сезінуге итермеледі.

Т.Дронзина: Менің елге ала кететін ең басты жетістігім «Көкше» Академиясы мен Әулие Климент Охридский атындағы болгарлық София Университеті арасындағы ынтымақтастық туралы ауызша ниетіміз болмақ. Біз Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен келісім жасасқан болатынбыз. Енді Көкшетаудың ЖОО-мен келісімге қол қоятын боламыз.

Бұның себебі мынада, испандық және болгарлық ЖОО-дар Еуропалық Одақтың«Эразмус мундус: Еуропалық ынтымақтастық терезесі» атты Халықаралық білім беру бағдарламасы аясында үш жақты ынтымақтастықты бастауы үшін бізге Қазақстандағы университеттермен екі келісім жасау керек. Талап сондай.

Соңғы келісімге қол қоя отырып, біз сіздердің студенттеріңіз бен мұғалімдеріңіз Болгария мен Испания университеттерінде білім алып, дәріс беруіне, ал біз Қазақстанға келуге мүмкіндік беретін үш елдің ЖОО арасындағы ынтымақтастықты орната аламыз.

- Сіздерге қызықты әңгімелеріңіз үшін алғыс айта отырып, елордамыз жайында жоғары пікір айтқан Хорхе Боланосты Астанада тұруға шақырамыз...

Х.Боланос: Қуана-қуана Қазақстанда тұрар едім, оның үстіне қазақстандықтармен достасып та үлгердік!

Соңғы жаңалықтар