Әли Әлиев & «Қызылжар» футбол клубы арасындағы дау: сот шешімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының басшылығы мен футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев арасындағы дау-дамай бойынша сот жалғасып жатыр.

Али Алиев
Фото: ҚФФ

Ресми мәліметке сүйенсек, Әли Әлиев футбол клубынан жүлделі орындар үшін бонус, еңбекақы берешегі және өтемақы төлеуді талап еткен. Әңгіме 201 млн теңге аясында болып тұр.

Петропавл қаласының № 2 сотының шешімінде айтылғандай, «Қызылжар» футбол клубы Әли Әлиевпен жасалған қосымша келісімдерді заңсыз деп тану туралы сотқа талап түсірген. 

— «Қызылжар» футбол клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Әлиев Әли Ханалиевичке қарсы 2023 жылғы 1 маусымдағы № 34-2024 еңбек шартына қосымша келісім мен 2022 жылғы 30 сәуірдегі № 68-2021 еңбек шартына қосымша келісімді заңсыз деп тану туралы талап қанағаттандырылсын. Сонымен қатар аталған футбол клубы мен Әли Әлиевтің арасында жасалған 2023 жылғы 1 маусымдағы № 4-2024 еңбек шартына қосымша келісім заңсыз деп танылсын, — делінген сот шешімінде.

Сондай-ақ ресми ақпаратта «Қызылжар» футбол клубы мен ұлттық құраманың бас бапкері арасында жасалған 2022 жылғы 30 сәуірдегі № 65-2021 еңбек шартына қосымша келісімнің де заңсыз деп танылғаны айтылған.

— Әли Әлиев «Қызылжар» футбол клубы ЖШС-ның пайдасына 3 932 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлемі және өкілдің қызметі үшін 1 000 000 теңге өндіріп алынсын. Бұл шешімге оның толық нұсқасы шығарылған күннен бастап 1 ай ішінде апелляциялық шағым беруге немесе прокурор тарапынан апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы (Азаматтық процестік кодекстің 403, 404-баптарына сәйкес). Шағым Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына Петропавл қаласының № 2 соты арқылы беріледі. Сот талқылауына қатыспаған тұлғалар үшін аталған мерзім оларға шешімнің көшірмесі жолданған күннен бастап есептеледі, — деп түсіндірілді өңірлік соттан.

Еске салайық, Әли Әлиев биыл сәуірде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Соңғы жаңалықтар