Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әли Әлиев «Жеңіс» футбол клубы бас бапкері қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM - «Жеңіс» футбол клубы Әли Әлиев негізгі команданың бас бапкері қызметін аяқтағанын мәлімдеді.

Әли Әлиев «Жеңіс» футбол клубы бас бапкері қызметінен кетті
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Тәжірибелі маман бұл қызметке 2025 жылдың желтоқсан айында келген еді. Қазір «Жеңіс» турнир кестесінде 23 ұпаймен сегізінші орында келеді.

Әли Әлиев 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнады. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында ойын көрсеткен.

1999 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Ұлттық құрама сапында алғашқы матчын 2002 жылы Эстонияға қарсы өткізді.

Бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасы» сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастады. 2018 жылы «Қызылжар» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лигаға шығарды. 2021 жылы Қарағандының «Шахтер» клубында бас бапкер болса, одан кейін «Астана» футбол клубының жастар командасын басқарды.

2022 жылы «Жеңіс» командасын жаттықтырды. Қайтадан «Қызылжарға» оралып, петропавлдық клуб УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымына дейін жетті.

2025 жылдың қаңтар айында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді.

Енді ол «Жеңіс» ФК техникалық директоры ретіндегі жұмысын жалғастырады.

Жаңа қызметінде Әли Әлиев клубтың спорттық вертикалін дамыту, кәсіби командалардың жұмысын үйлестіру, селекциялық қызмет, футболшыларды даярлау әдіснамасын жетілдіру, сондай-ақ «Жеңіс» ФК ұзақмерзімді спорттық стратегиясын жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударады.

Еске салсақ, бұдан бұрын 51 жастағы тәжірибелі маман Игорь Черевченко «Ақтөбе» футбол клубының жаңа бас бапкері атанды.