Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Alibaba тарихындағы ең қуатты жасанды интеллект моделін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Alibaba компаниясы жаңа буындағы Qwen3.8-Max тілдік моделін таныстырды. Әзірлеушілердің айтуынша, ол бағдарламалау, логикалық талдау және ұзақ уақыт бойы автономды тапсырмаларды орындау мүмкіндіктерімен ерекшеленеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Alibaba тарихындағы ең қуатты жасанды интеллект моделін таныстырды
Фото: cosmosourcing.com

Жаңа нұсқа Qwen модельдер желісіндегі ең ауқымды жаңарту болды. Оның көлемі 2,4 триллион параметрді құрайды және 1 миллион токенге дейінгі контекстік терезені қолдайды.

Тәуелсіз Arena платформасының мәліметінше, Qwen модельдері әлемдегі ең өнімді ірі тілдік модельдердің қатарына кіреді.

Әзірлеушілердің айтуынша, Qwen3.8-Max автономды бағдарламалау саласында айтарлықтай жетілдірілген. Модель адамның араласуынсыз ұзақ уақыт күрделі тапсырмаларды орындап, жұмыс барысында өз бетінше шешім қабылдай алады.

Сынақ кезінде жасанды интеллектіге нөлден бастап өзін-өзі дамытатын интеллектуалды агент жүйесін жасау тапсырылды. Нәтижесінде пайдаланушылардың пікірлері, қауымдастықтың үздік тәжірибелері және модельдің өзіндік сынақ нәтижелерін біріктіретін Loop Engineering фреймворкі жасалды.

Кодты генерациялау, тексеру, алдын ала қарау және журналдарды талдау кезеңдерінен кейін жүйе oh-my-cli атты ашық агенттік фреймворкті әзірледі. Жоба GitHub платформасында ашық бастапқы кодпен жарияланды.

Қытайлық компаниялар жасанды интеллект технологияларын қарқынды дамытуды жалғастырып келеді. Шілде айында Moonshot AI стартапы 2,8 триллион параметрі бар Kimi K3 моделін таныстырған болатын. Компанияның мәліметінше, бұл параметрлер саны бойынша әлемдегі ең ірі ашық бастапқы кодты жасанды интеллект моделі.

Сарапшылардың пікірінше, қытайлық әзірлеушілер ашық үлгідегі жасанды интеллект модельдеріне көбірек басымдық бере бастады. Мұндай тәсіл технологиялардың жылдам дамуына ықпал етіп, оларды әлемдік нарықта қолдану мүмкіндігін кеңейтеді.

Бұған дейін Еуроодақта 2 тамыздан бастап ЖИ-ге қатысты жаңа ережелер күшіне енетіні туралы хабарланды. Сол күні жасанды интеллект жүйелерінің ашықтығына қатысты жаңа талаптар да күшіне енді.