Әлихан Смайылов ауруханаға барып, зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ауруханаға барып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі. 

Әлихан Смаилов
Фото: Үкімет

Қазіргі уақытта Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші қажетті ем алуда.

Пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді.

Олардың көбі газдан уланған, алайда барлығының жағдайы – тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Әлихан Смаилов
Фото: Үкімет

Премьер-Министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

«Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін», деді Әлихан Смайылов.

Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрады.

«Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз», деді Премьер-Министр.