Әлихан Смайылов техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жол картасын әзірлеуді тапсырды
Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

"Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек. Онда кадрларға деген сұраныстың болжамы және өндіріс пен инфрақұрылымның дамуы ескеріліп, салалар бөлінісінде іс-шаралар көрініс табуы тиіс. Қысқа мерзімді оқытуға мемлекеттік тапсырысты бөлу, оны бір терезе қағидаты бойынша орналастырудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу мәселелерін пысықтау қажет», - деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов Еңбек министрлігі, «Атамекен» палатасы салалық мемлекеттік органдармен бірге Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын және колледждердің білім беру бағдарламаларының тізілімін енгізуді жеделдетуі керектігін баса айтты.
«Әкімдіктер жетекші колледждерді анықтау, кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру, және сертификаттау бойынша салалық кластерлер қалыптастыру мәселелерін пысықтауы тиіс. Оларда жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының, базалық кәсіпорындардың, тиісті колледждердің ресурстары біріктірілуі керек. Осы мақсатта мемлекеттік колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін «Жас маман» бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажет», - деді Премьер-Министр.