Алимент қарызы бар 279 павлодарлық құмар ойынға 600 млн теңге тіккен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысының прокуратурасы алимент бойынша берешегі бар азаматтардың букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға қатысу фактілерін анықтады.

Алимент қарызы бар 279 павлодарлық құмар ойынға 600 млн теңге тіккен
Коллаж: Kazinform/ Canva

Прокуратура мәліметінше, OLIMPBET букмекерлік кеңсесінің қызметін тексеру барысында Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңының талаптары бұзылғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, алимент бойынша берешегі бар 279 адам еш кедергісіз ойын шоттарын толықтырып, бәс тіккен. Олардың ойын шоттарына салған қаражатының жалпы көлемі 600 млн теңгеден асқан. Ал шоттардан шығарылған қаражат 415 млн теңгеден астам соманы құрады.

– Анықталған тұлғалардың 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарған. Заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді, – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.

Қадағалау актісін қарау нәтижесінде уәкілетті орган букмекерлік кеңселерді Бірыңғай есепке алу жүйесіне қосу бойынша шаралар қабылдады.

Бұл жүйе қабылданған барлық бәстер мен төленген ұтыстарды автоматты түрде есепке алады. Сонымен бірге атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар борышкерлердің тізілімі арқылы клиенттерді тексеріп, оларға құмар ойындарға қатысуға шектеу қоюға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграция жеті букмекерлік кеңседе, соның ішінде OLIMPBET компаниясында толық аяқталған. Тағы он букмекерлік кеңсе тиісті келісімдерге қол қойған.

Прокуратура қабылданған шаралар құмар ойындар саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп, заң бойынша бәс тігуге тыйым салынған тұлғалардың ойындарға қатысуына жол бермеуге және алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетейік, Қостанай облысында алимент қарызы бар екі борышкер баспанасын берді.