Алимент төлеуден қашып жүрген такси жүргізушілері жаңа тәсілмен анықталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының прокуратурасы алимент төлемей жүрген такси жүргізушілерін жаңа тәсілмен анықтамақ.
Алматы қалалық прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan алимент төлемегендерді бірлесіп анықтайтын келісім жасасты.
— 2025 жылы 110 осындай факті анықталды, 57 адамға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды, 10 факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — делінген Алматы қаласы прокуратурасы хабарламасында.
Қала прокуроры қабылданған шараларға қарамастан, формальді түрде жұмыссыз, бірақ іс жүзінде сандық платформалар, оның ішінде такси арқылы табыс табатын қасақана алимент төлемейтіндердің нақты табысын жасыру фактілерінің анықталғанын атап өтті.
Келісім, жүйелі және заңды ақпараттық өзара іс-қимылды, жедел мәлімет алмасуды, сондай-ақ кірістерді жасыру және алименттік берешектің пайда болу фактілерін анықтауға және жолын кесуге жәрдемдесуді көздейді.
Аталған меморандум балалар құқықтарын қорғауға және мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара іс-қимылы негізінде алименттік міндеттемелерді орындаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетелік ШҚО-да баласына алимент төлемеген ер адам түрмеге қамалды.