Алқабилер соты қанша істі ақтап алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқабилер соты қанша істі ақтап алды

«Еліміздегі алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және 15 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұл – біздің сот жүйесін дамыту бағытында өте маңызды шара. Алқабилер соты қылмыстық процестің негізгі қағидаттарын: жарыспалық пен тараптардың теңдігі, кінәсіздік презумпциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды оң рөл атқарады. Қазір алқабилер соты қараған істер бойынша 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайызды ғана құрайды», - деді Әбдірашид Жүкенов.

Оның айтуынша, алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары. Тараптар сот талқылауында белсенділік білдірді.

«Алқабилердің соты – билік пен халықты жақындастыруды қамтамасыз етеді, қоғамның құқықтық деңгейі мен құқықтық мәдениетін, сондай-ақ сотқа деген сенімді арттырауға ықпал етеді. 2007 – 2009 жылдары аралығында алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын қылмыстар бойынша істерді қарады. Осы кезеңде алқабилер қатысқан істердің саны жылына шамамен 50 іс болды. 2010-2012 жылдар аралығында алқабилер соты қарайтын істер санаты бүкіл аса ауыр қылмыстарға кеңейтілді. Мұндай қадам алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің 10 есеге өсуіне әкелді. Істердің саны жылына 300-ден асты», - деді Ә.Жүкенов.

Оның сөзіне қарағанда, 2013 жылы алқабилер сотын қарайтын істер қайта азайтылып, олардың қарауында тек өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкеп соғатын істер ғана қалды.

«Мұндай өзгеріс алқабилер қатысатын істердің күрт төмендеуіне әкелді. Бір жылда шамамен 50-60 іс қаралды. 2015 жылы «100 қадам» Ұлт жоспарының асында алқабилер қарайтын істер санаты аса ауыр қылмыстардың 14 құрамына дейін кеңейді», - деді Әбдірашид Жүкенов.