18:12, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Алқабилер сотының құрамында нашақорлар мен қылмыскерлер және жүйке ауруына шалдыққандар жүр ? Бас прокуратура
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жергілікті атқарушы органдардың алқабилер сотының құрамына енгізген азаматтардың арасында нашақорлар мен қылмыскерлер және жүйке ауруына шалдыққандар жүр.
Бұл туралы бүгін апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, прокуратура өкілдері мұндай фактілерді «Алқабилер соты туралы» заңның қолданылу барысына жүргізген тексерулер кезінде анықтаған. Аталмыш заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жыл сайын желтоқсанның 1-іне дейін алқабилер соты алқасы мүшелерінің тізімін бекітуі қажет. 2008 жылы жергілікті органдар облыстағы аймақтық соттарға 61 мың 975 адамның тізімін беріпті. «Алайда, тексеру жұмыстары еліміздің көптеген аймақтарында тізімді бекітуге қатысты жұмыстардың мерзімінен кешіктірілетіндігін көрсетті. Мысалы, Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары алқабилер мүшелерінің тізімін тек прокуратура араласқан соң ғана жіберген», - дейді ресми өкіл.Оның айтуынша, «Алқабилер туралы» заңның талаптары бойынша, оның құрамына жасы 25-ке толмаған, қылмыстық жазасын толық өтемеген, ақыл-есі дұрыс емес немесе психикалық ауруы бар азаматтарды, нашақорларды енгізуге тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау органы және мемлекеттік орган өкілдері, әскери азаматтар да алқабилер сотының құрамына кіре алмайды. «Сондықтан азаматтарды бұл тізімге енгізбес бұрын олардың құжаттарын мұқият тексеру қажет. Алайда тексеру нәтижелері көрсеткендей, жергілікті органдар бұл істе үлкен салақтық танытып отыр. Нәтижесінде Орал қаласында алқабилер құрамына қылмыстық жазасын өтеп бітпеген С.Ряхов атты азамат енгізілген. Сондай-ақ із-түссіз жоғалып кеткен О.Семенов пен жасы 25-ке толмаған Р.Уаисова да тізімге енгізілген болып шықты. Ол аз болса, прокурорлар Алматы қаласы бойынша алқабилер құрамынан 1 мың 66 азаматты алып тастады. Бұл тізімдегілердің 574-і бұрын сотталған, 84-і жүйке ауруына шалдыққан, 335-і нашақор, 40 азамат мемлекеттік қызметкер, ал 117 адам шет мемлекеттің өкілі болып шықты. Мұндай сорақылықтардан Маңғыстау мен Жамбыл облыстары да кенде емес екен. Олар алқабилер құрамына балық инспекциясының инспекторы мен Меркі ауданының прокурорын енгізіпті», - деді С.Нұрпейісов.