Алқаптан қамбаға: Министрлер мен әкімдер күзгі жиын-терімге қатысты Үкіметке есеп береді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері күзгі жиын-терім барысын пысықтауды жоспарлап отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова тілшілер сауалына жауап береді.
Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметінше, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 81,5 пайызы жиналып, 18,6 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрады. Биыл еліміздегі жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың гектарға көп. Оның ішінде 15,6 млн гектарға дәнді дақылдар, 5,2 млн гектарға майлы дақылдар, 3 млн гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Сонымен қатар мақта 173,6 мың гектарға, қант қызылшасы 23,8 мың гектарға себілді. Қазіргі уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 12,7 млн гектар алқаптан жиналды.
Астық сапасы жоғары
Егін жинау науқанында өнім көлемімен қатар оның сапасына да ерекше мән беріліп отыр. Жаңа өнімнің 4,9 млн тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына өткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп. Былтыр осы уақытта 4,1 млн тонна астық қабылданған болатын.
Қабылданған астықтың басым бөлігін, яғни 74 пайызын 3-сыныпты астық құрайды. 4-сыныпты астықтың үлесі – 20, 5-сыныпты астық – 6 пайыз. Бидай желімшесінің көрсеткіші де жоғары деңгейде. Зерттелген жұмсақ бидай үлгілерінің 48 пайызында оның мөлшері 28 пайыздан асты.
Майлы дақылдарды жинау жалғасып жатыр
Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да қарқын алды. Қазір 2,2 млн гектар алқап жиналып, 2,2 млн тонна өнім алынды. Басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 2,9 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна картоп және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Егін жинау науқанына өңірлерде 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында жылу беру маусымына дайындық барысы және жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін басталмақ.
- Жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры және негізгі жабдықтар бар. 17 мың шақырым электр беру желілері толық жөнделді, 9 қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында тұр, - деді Энергетика министрі.
Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов үш қаланың жылу беру мәселесін жедел шешуге тапсырма берді.
- Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Аталған өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногор және Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аудару қажет. Жылу беру маусымы бойынша бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Нәлібаевта (Премьер-министрдің бірінші орынбасары), - деді Үкімет басшысы.
Екінші мәселе бойынша негізгі баяндаманы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылады. Дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары саны 10 пайызға, қаза тапқандар 33 пайызға, жарақат алғандар 12 пайызға азайды. — Бүгінде бұл жүйе ұзындығы 2 800 шақырымды құрайтын 12 учаскеде бар. Жыл соңына тағы 16 учаскеде орнатылады. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар барлығы 5 600 шақырым болатын 28 учаскені қамтиды.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында қажетті шараларды қабылдап жатыр.
- Қазіргі уақытта айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгіземіз, - деді ол.
Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол қауіпсіздігін арттыру бойынша қандай жұмыстар қолға алынғанын айтты.
- Біріншіден, жылдамдықты асыру — апаттың негізгі себебі. Сондықтан, орташа жылдамдыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір бұл жоба 2,8 мың шақырым ақылы жолдарда жұмыс істеп тұр. Соның арқасында апат саны 10%-ға азайды. Жобаны бүкіл республикалық және жергілікті жолдарға енгізуге кірістік, - деді Нұрлан Сауранбаев.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев артық жүк тасымалын азайтып, жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу үшін республикалық жолдарда 46 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған айтты.
- Станциялар көліктің салмақ-габариттік параметрлерін автоматты түрде тіркеп, деректі тиісті шара қабылдау үшін өкілетті органның ақпараттық жүйесіне жібереді. Сонымен қатар салмақ бақылауынан қашу жағдайлары кездеседі. Жекелеген жүргізушілер станцияларды рұқсатсыз кірме, шығу жолдары арқылы айналып өтеді немесе көлікті дұрыс тіркеуге кедергі келтіретін басқа да әрекеттерді жасайды. Қазіргі уақытта республикалық жолдардағы заңсыз кірме және шығу жолдар түгел тексеріліп, кезең-кезеңімен жабылып жатыр, — деді компания басшысы.
Осы орайда Премьер-министр жолдарда шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп екенін баса айтты.
- Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ, жағдайда түзету керек. Түзетіңіз! Немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады, - деді Олжас Бектенов.
Күн тәртібіне шығарылған мәселенің қорытындысын шығарған Үкімет басшысы Көлік министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдауды, көрсетілетін қызметтер сапасын қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар кейбір жол апаттарына көлік жүргізушілерінің ұялы телефондарды пайдалануы себеп болатынына назар аудартты.
- Жолдардағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуға тиіс. Жалпы, Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық камераның жұмысын тексеріп шыққаны жөн, - деді Олжас Бектенов.
Оның атап өтуінше, қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер де бар.
- Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жалпы, жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуге тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Ішкі істер министрлігі көптеген елде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуға тиіс, - деді ол.