Алленби бақылау-өткізу бекетінде екі израильдік қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс жағалау мен Иордания шекарасындағы қайғылы оқиға аймақтағы жағдайдың ушығып тұрғанын көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Алленби бақылау-өткізу бекетінде екі израильдік қаза таптым
Фото: x.com / @Mdais

Израильдік екі азамат Алленби бақылау-өткізу бекетінде шабуылдың құрбаны болды. Бұл өткел Иорданияда «Хусейн королі көпірі» деп аталады және Иордан өзенінің Батыс жағалауын Иорданиямен байланыстырады.

Израильдің жедел жәрдем қызметі «Маген Давид Адом» таратқан мәліметке сәйкес, шамамен 60 және 20 жастағы екі ер адам ес-түссіз, ауыр жағдайда табылған. Кейін дәрігерлер олардың қайтыс болғанын растады.

Алдын ала тергеу деректеріне қарағанда, шабуыл жасаған адам Газа секторына гуманитарлық жүк алып бара жатқан жүк көлігімен келген. Ол адамдарға оқ атпақ болған, бірақ қаруы істемей қалған. Осыдан кейін ол қасындағы израильдіктерге пышақпен шабуыл жасаған. Екеуі де ауыр жараланып, сол жерде көз жұмған.

Бекеттегі қауіпсіздік қызметі жауап ретінде оқ атып, шабуылдаушыны өлтірді. Израиль әскери өкілдері оның кейбір БАҚ жазғандай Иордания әскері қызметкері болмағанын нақтылады.

— Шабуыл жасаушы екі израильдікке шабуылдағаннан кейін қауіпсіздік күштері оны атып, залалсыздандырды, — деп мәлімдеді Израиль қорғаныс армиясы.

Амман (Иордания астанасы) бұл оқиға бойынша жағдайды бақылап отырғанын растады. Иордания үкіметінің ресми өкілі Мұхаммад әл-Мумани мәлімдегендей, құзырлы органдар байланыста болып, оқиғаның егжей-тегжейін анықтап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар