Аллергияның өршуі: табиғи құбылыс па, әлде экологиялық мәселе ме

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрын аллергияны көпшілік көктем келгенде ғана еске алатын. Қазір жағдай өзгере бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне қарағанда, соңғы жылдары аллергиялық аурулармен қатар олардың ауыр түрлері де жиілеп отыр. Мамандар бұл үрдісті тек өсімдік тозаңымен түсіндіру жеткіліксіз екенін айтады. Ауаның ластануы, климаттың өзгеруі және урбанизация аллергияның таралуына қаншалықты әсер етіп отыр? Бұл сұрақтың жауабын министрлік деректері мен сарапшылар пікіріне сүйеніп талдап көрдік.

Аллергияның өршуі: табиғи құбылыс па, әлде экологиялық мәселе ме
Фото: Pexels

Аллергия ауқымы кеңейіп барады

Аллергиялық аурулардың көбеюі Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы онжылдықтарда әлем бойынша аллергиялық ринит, бронх демікпесі, тағамдық аллергия және атопиялық дерматит кең таралған аурулардың қатарына енді.

Алайда мамандарды қазір аллергияның таралуы ғана емес, оның ауыр түрлерінің жиілеуі алаңдатып отыр. Министрлік соңғы жылдары анафилаксиялық шок, Стивенс — Джонсон және Лайелл синдромдары секілді ауыр жағдайлардың көбейгенін атап өтті. Сондай-ақ кейінгі үш жылда жіті аллергиялық жағдайлар бойынша ауруханаға жатқызу көрсеткіші 1,5 есеге артқан.

Аллергияның өршуі: табиғи құбылыс па, әлде экологиялық мәселе ме
Коллаж: Kazinform

Әсіресе балалар арасындағы аллергиялық аурулардың көбеюі, бронх демікпесінің жиілеуі, дәрілік аллергия мен анафилаксия жағдайлары мамандардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр.

Тәжірибешілер клубтары қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, ресми статистика мәселенің толық көрінісін бере бермейді.

— Қазақстанда жүргізілген пилоттық зерттеулер халықтың шамамен 20 пайызы аллергиялық ауруларға байланысты медициналық ұйымдарға жүгінгенін көрсетті. Бірақ бұл тек тіркелген жағдайлар. Диагноз қойылмаған немесе дәрігерге қаралмаған адамдарды есепке алсақ, көрсеткіш 40 пайызға дейін жетуі мүмкін, — дейді сарапшы.

Бұл жерде маңызды бір жайт бар. Аллергиялық ринит бойынша толық статистикалық есеп жүргізілмейді. Оның үстіне аллергия белгілері байқалса да, дәрігер көмегіне жүгінбейтін адамдар аз емес. Сондықтан ресми көрсеткіш пен нақты жағдай арасында айырмашылық болуы мүмкін.

Аурушаңдық жоғары өңірлерді не біріктіреді?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, аллергиялық аурулар ең көп тіркелетін өңірлердің қатарында Алматы, Шымкент және Астана қалалары, сондай-ақ Жетісу мен Түркістан облыстары бар.

Ал бронх демікпесі бойынша Алматы облысы, Алматы қаласы, Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары алдыңғы орында тұр.

Аллергияның өршуі: табиғи құбылыс па, әлде экологиялық мәселе ме
Коллаж: Kazinform

Лаура Мәлікованың айтуынша, аллергиялық шағымдар Павлодар мен Қостанайда да жиі кездеседі.

— Бір қарағанда бұл өңірлердің табиғаты да, климаты да әртүрлі. Бірақ оларды біріктіретін ортақ белгі бар. Бұл — халық тығыз орналасқан, өндіріс шоғырланған және ауа сапасына қатысты мәселе жиі көтерілетін аймақтар, — дейді ол.

Осыдан аллергияның таралуына тек табиғи факторлар ғана емес, қоршаған ортаның жағдайы да әсер етуі мүмкін деген қорытынды жасауға болады.

Ауа сапасы аллергияға қалай әсер етеді?

Аллергиялық аурулар жиі тіркелетін өңірлерге назар аударсақ, олардың басым бөлігі ірі қалалар мен өндіріс шоғырланған аймақтар екенін байқауға болады. Сондықтан мамандар аллергияның көбеюін тек өсімдік тозаңымен байланыстыру жеткіліксіз деп есептейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аллергиялық аурулардың таралуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі — ауаның ластануы. Әсіресе автокөлік шығарындылары құрамындағы азот диоксиді мен күкірт ангидриді тыныс алу жолдарының шырышты қабатын тітіркендіріп, аллергендердің ағзаға жеңіл енуіне жағдай жасайды. Соның салдарынан тыныс алу жолдарындағы қабыну күшейіп, аллергиялық реакциялардың пайда болу қаупі артады.

Аллергияның өршуі: табиғи құбылыс па, әлде экологиялық мәселе ме
Коллаж: Kazinform

Тәжірибешілер клубтары қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, Қазақстандағы аллергиялық аурулардың таралуын бағалағанда ауа сапасының әсерін ескермеу мүмкін емес.

— Аллергиялық шағымдар жиі кездесетін қалалардың қатарында Астана, Павлодар, Қостанай, Алматы және Шымкент бар. Бұл өңірлердің әрқайсысының ерекшелігі әртүрлі болғанымен, ауа сапасы бәріне ортақ фактор болып отыр, — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, әсіресе Алматыдағы жағдайды көмір жағудың әсерінсіз түсіндіру қиын.

— Автокөлік шығарындыларының әсері бар. Бірақ Алматыдағы негізгі мәселенің бірі — жылыту маусымында көмір жағудан ауаға тарайтын PM2.5 және PM10 бөлшектері. Бұл ұсақ бөлшектер тыныс алу жолдарына терең еніп, аллергиялық және респираторлық аурулардың асқынуына әсер етеді, — дейді Лаура Мәлікова.

Сарапшының айтуынша, көлік шығарындылары да ауа сапасына әсер етеді. Алайда аллергиялық аурулардың көбеюін бір ғана фактормен түсіндіру мүмкін емес. Мұнда көлік түтіні, өндіріс қалдықтары мен көмір жағудан шығатын зиянды бөлшектердің жиынтық әсері байқалады.

Аллергияның көбеюіне әсер етіп отырған тағы бір маңызды фактор — климаттың өзгеруі. Мамандардың айтуынша, жаһандық жылыну тек температураның көтерілуімен шектелмей, өсімдіктердің гүлдеу мерзіміне де ықпал етеді. Соның салдарынан ауадағы аллергендердің мөлшері артып, аллергия маусымы бұрынғыдан ұзаққа созылып келеді.

Аллерголог Сауле Жұмабаеваның сөзінше, климаттың жылынуы өсімдіктердің ертерек гүлдеуіне және гүлдеу кезеңінің ұзаруына себеп болады.

— Жаһандық жылыну өсімдіктердің гүлдеу кезеңін ұзартады. Соның салдарынан ауадағы тозаң мөлшері артып, аллергия маусымы бұрынғыдан ұзаққа созылады, — дейді дәрігер.

Денсаулық сақтау министрлігі келтірген зерттеулер де бұл пікірді растайды. Қазақстандық ғалымдар құрғақ әрі ыстық климат қалыптасқан өңірлерде тозаң аллергиясы жиірек кездесетінін анықтаған. Мұндай аймақтарда өсімдіктерден бөлінетін тозаң көлемі жоғары болып, аллергиялық реакциялардың пайда болу қаупі артады.

Мәселен, Алматы қаласында жүргізілген зерттеулер поллиноздың кең таралғанын көрсеткен. Мамандар мұны өңірдің климаттық ерекшеліктерімен, өсімдіктердің алуан түрлілігімен және олардың ұзақ гүлдеу кезеңімен байланыстырады.

Сарапшылардың айтуынша, климаттың өзгеруі аллергияның таралу аумағын ғана емес, оның ұзақтығын да арттырып отыр. Бұрын көктемнің бірнеше аптасымен шектелетін аллергиялық шағымдар қазір бірнеше айға созылуы мүмкін. Бұл әсіресе тозаңға сезімтал адамдар үшін маңызды мәселе болып отыр, өйткені аллергия белгілері ұзақ уақыт сақталып, өмір сапасына әсер етеді.

Осылайша, климаттық өзгерістер аллергиялық аурулардың таралуына ықпал ететін факторлардың біріне айналып отыр. Сондықтан мамандар аллергияның алдын алу шараларын жоспарлағанда қоршаған орта мен климаттағы өзгерістерді де ескерудің маңызын атап өтеді.

Балалар арасында аллергия неге жиілеп барады?

Денсаулық сақтау министрлігі соңғы жылдары балалар арасындағы аллергиялық аурулардың көбеюі ерекше алаңдаушылық туғызып отырғанын айтады. Мамандардың пікірінше, бұл жағдайдың артында бірнеше себеп бар.

Аллерголог Сауле Жұмабаеваның айтуынша, аллергиялық аурулардың дамуына сыртқы және ішкі әсерлер қатар ықпал етеді.

— Сыртқы себептерге ауыз су сапасы, ауаның ластануы, антибиотиктерді жиі қолдану, тағам құрамындағы консерванттар мен химиялық қоспалар жатады. Ал ішкі себептерге тұқым қуалаушылық, вирустық және бактериялық инфекциялар, психологиялық күйзеліс кіреді, — дейді маман.

Оның сөзінше, соңғы жылдары балалардың аллергендермен байланысы бұрынғыға қарағанда артқан. Бұған қоршаған ортаның өзгеруі ғана емес, күнделікті тұтынатын тағамның құрамы мен өмір салты да әсер етеді.

Сауле Жұмабаева климаттың өзгеруі, антибиотиктерді орынсыз пайдалану және тағам құрамындағы түрлі қоспалардың көбеюі аллергиялық аурулардың жиілеуіне ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Яғни балалар аллергендермен жиірек байланысқа түседі, ал бұл өз кезегінде аллергиялық реакциялардың пайда болу қаупін арттырады.

Министрлік деректеріне қарағанда, соңғы жылдары балалар арасындағы аллергиялық аурулармен қатар бронх демікпесі, дәрілік аллергия және анафилаксия жағдайлары да көбейген.

Бұл көрсеткіштер аллергияның жай ғана уақытша қолайсыздық емес екенін аңғартады. Аурудың жиілеуі оның ұзақ мерзімді бақылау мен тұрақты медициналық қадағалауды қажет ететін денсаулық мәселесіне айналып бара жатқанын көрсетеді.

Аллергия демікпеге ұласуы мүмкін бе?

Көпшілік аллергияны уақытша қолайсыздық ретінде қабылдайды. Алайда мамандар оның салдары бұдан әлдеқайда күрделі болуы мүмкін екенін ескертеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аллергиялық риниті бар адамдардың 15 пайызына дейін кейін бронх демікпесіне шалдығуы ықтимал.

Аллерголог Сауле Жұмабаеваның айтуынша, аллергиялық ринит пен бронх демікпесінің арасында тығыз байланыс бар.

— Халықаралық ARIA консенсусы аллергиялық ринит пен бронх демікпесінің даму тетіктері өзара байланысты екенін көрсетеді. Бронх демікпесі бар науқастардың шамамен 85 пайызында аллергиялық ринит кездеседі. Сондықтан аллергия белгілерін елемеуге болмайды, — дейді маман.

Оның сөзінше, аллергиялық ринитке шалдыққан әр адамда міндетті түрде демікпе дамымайды. Дегенмен мұндай адамдарда қауіп жоғары болады.

Бұл аллергиялық ауруларды ерте анықтау мен дер кезінде емдеудің маңызын көрсетеді. Өйткені уақытында бақылауға алынбаған аллергия кей жағдайда тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларына ұласуы мүмкін. Сондықтан мамандар аллергияны тек маусымдық жайсыздық ретінде қабылдамай, алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігерге қаралуға кеңес береді.

Мәселені қалай тежеуге болады?

Мамандардың айтуынша, аллергияның алдын алу дәрі қабылдаумен ғана шектелмейді. Оған қарсы шаралар бірнеше бағытта қатар жүргізілуі керек.

Аллерголог Сауле Жұмабаеваның сөзінше, ең алдымен адам күнделікті өмірде аллергендерден сақтануға көңіл бөлгені жөн.

— Үй шаңына аллергиясы бар адамдар бөлмені жиі тазалап, шаң жинайтын заттарды азайтқаны дұрыс. Кілемдер, ауыр перделер мен жұмсақ ойыншықтар шаңды көп жинайды. Матрас пен жастыққа арнайы тыс пайдалану, үй жануарларын жатын бөлмеге кіргізбеу де көмектеседі, — дейді маман.

Маусымдық аллергия кезінде де сақтық қажет.

— Өсімдіктер гүлдейтін кезеңде далада ұзақ жүру немесе терезені жиі ашу аллергия белгілерін күшейтуі мүмкін. Сондықтан сырттан келген соң бет-қолды жуып, мұрын қуысын тұзды ерітіндімен тазалап отырған дұрыс, — дейді Сауле Жұмабаева.

Сондай-ақ темекі түтіні, өткір иісті тұрмыстық химия, бояу мен лак тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, аллергиялық реакцияны күшейтуі мүмкін.

Осылайша, күнделікті тұрмыстағы қарапайым сақтық шараларының өзі аурудың өршу қаупін азайтады.

Алайда мамандар мәселені тек жеке жауапкершілікпен шешу мүмкін емес екенін айтады.

Тәжірибешілер клубтары қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікованың пікірінше, аллергиялық аурулардың көбеюіне ауа сапасының нашарлауы да әсер етіп отыр. Сондықтан жүйелі шаралар қажет.

— Қалаларды көгалдандыру кезінде өсімдік түрлерін таңдауға мұқият қарау керек. Кейбірі ауаға тозаңды көбірек таратады. Сондықтан көгалдандыру жұмыстары ғылыми негізде жүргізілуі тиіс, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ауа сапасын жақсарту да маңызды.

— Қалаларды кезең-кезеңімен көмірден газға көшіру, зиянды шығарындыларды азайту және көлік экологиясын реттеу аллергиялық аурулардың таралуын төмендетуге ықпал етеді, — дейді Лаура Мәлікова.

Сарапшының пікірінше, көлікке қойылатын экологиялық талаптар да кезең-кезеңімен енгізілуі керек.

— Тек тыйым салумен мәселе шешілмейді. Автокөлік иелеріне катализаторларды ауыстыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау қажет, — дейді сарапшы.

Мамандардың пікірінше, аллергияның көбеюі тек денсаулық сақтау саласының мәселесі емес. Ол ауа сапасы, климат және адамның өмір сүру ортасымен тығыз байланысты. Сондықтан аллергиялық аурулардың таралуын азайту үшін медициналық және экологиялық шаралар қатар жүзеге асырылуы қажет.