Аллергияның өршуі урбанизациямен байланысты ма
АСТАНА. KAZINFORM – ДДСҰ болжамынша, 2050 жылға қарай әлем халқының жартысына жуығы аллергиямен бетпе-бет келуі мүмкін. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңілді.
Аллергия экспансиясы
Жаһандық деңгейде аллергияның таралуы мен сипаты түбегейлі өзгерді. Бұрын ол сирек кездесетін құбылыс болса, бүгінде көпфакторлы медициналық-экологиялық проблемаға айналды. Урбанизация, ауа сапасының нашарлауы, өнеркәсіптік шығарындылар мен тұрмыстық химияның көбеюі ағзаның сезімталдығын арттырып отыр. Соның салдарынан жаңа аллергендер мен триггерлер пайда болуда. Нәтижесінде Еуропада тағамдық аллергия 20%-ға жеткен, әсіресе жастардың елеулі бөлігінің оған жоғары сезімталдығы бар.
Әлемдік деңгейде байқалып отырған аллергияның өсу үрдісі Қазақстанда да көрініс тауып келеді. Елімізде аллергиялық аурулардың айқын артуы тіркеліп, әсіресе бір жасқа дейінгі балалар арасында алаңдатарлық динамика байқалуда.
Тенденцияны нақты деректер растайды. ОЛИМП клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің мәліметіне сәйкес, 2020-2025 жылдар аралығында бір жасқа дейінгі балалар арасында аллергендерге оң нәтиже берген тест саны 14,5 есе артқан.
– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жағдайдың артуы алаңдатады, – деп атап өтті зертхананың бас директоры Ерлан Сүлейменов.
Жалпы көрсеткіштер осы үрдісті айқындайды. Ел бойынша оң нәтиже берген тесттер саны 7 125-тен 14 889-ға дейін өсіп, екі есе артқан. Ал зерттеу көлемі 33 мыңға жуықтап, үш есе ұлғайған. Бұл соңғы бес жылда аллергиясы зертханалық түрде расталған пациенттер санының көбейгенін көрсетеді.
Өсім тек бір жас тобымен шектелмейді. Барлық жас санаттарында динамика байқалады. Ең жоғары көрсеткіш жасөспірімдер арасында тіркеліп, 2,8 есеге жеткен. Ал ең үлкен үлес 7-14 жас аралығындағы балаларға тиесілі. Гендерлік бөлініс бойынша барлық оң тесттердің 58%-ы ерлерге, 42%-ы әйелдерге тиесілі.
Дерт қай өңірде өршіп тұр?
Статистикаға сүйенсек, аллергендер құрылымында айқын өзгерістер байқалады. Негізгі жүктеме арамшөптерге тиесілі, ол барлық оң тесттердің 61%-ын құрайды. Одан кейін шалғын шөптері тұр.
Жекелеген аллергендер бойынша да айтарлықтай өсім тіркелген. Ең жоғары көрсеткіш қайыңда байқалып, 3,7 есеге артқан. Ал шабындық атқонағы 3 есе, амброзия 2,5 есе көбейген.
Маусымдық аллергияның негізгі қоздырғыштарының бірі ретінде жусан ерекше орын алып отыр. Өткен жылы тек осы аллерген бойынша шамамен 15 мың оң тест тіркелген.
– Бұрын сирек кездескен немесе мүлде тіркелмеген аллергендер де пайда бола бастады. Олардың қатарында сораң, күнбағыс, қараағаш, жөке және бұзаубас бар, – деді Ерлан Сүлейменов.
Аймақтар бойынша жағдай біркелкі емес. Алматы облысында маусымдық поллиноз бойынша статистика рекордтық деңгейге жетіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 417,6 жағдайды құрап отыр. Демек, қаладағы әр 240-шы адам ресми түрде аллергияның тұтқыны деп танылған.
Қызылорда облысында да оң тесттердің саны 43 есеге дейін күрт артқан. Петропавл мен Таразда айтарлықтай өсім байқалады. Сондай-ақ Астана, Павлодар және Қостанай қалаларында көрсеткіш жоғары деңгейде сақталған. Ал Қарағанды мен Ақтауда керісінше төмендеу тіркелген.
Аллергияның негізгі себебі
Мамандар аллергияның күрт өсуін сыртқы орта факторларымен байланыстырады. Олардың айтуынша, қазіргі жағдайда экология, әсіресе урбанизацияланған аймақтардағы орта негізгі рөл атқарып отыр.
Осы факторлардың ішінде ерекше қауіп төндіретіні – атмосфералық ауаның ластануы. Көлік түтінінен бөлінетін ұсақ бөлшектер, азот диоксиді мен күкірт ангидриді негізгі ластағыш заттар ретінде аталады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл заттар тыныс алу жолдарын әлсіретіп, ағзаның аллергендерге сезімталдығын күшейтеді.
– Атмосфералық ауа сапасын мониторингтеу деректерін ескере отырып, бірқатар өңірлерде ауа ластану деңгейі мен аллергиялық аурушаңдық көрсеткіштері арасында байланыс байқалады. Ең жоғары көрсеткіштер Алматы, Шымкент, Астана қалаларында, сондай-ақ Жетісу мен Түркістан облыстарында тіркелген, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында.
Экологиялық факторлардың әсері клиникалық статистикадан да байқалады. Мамандардың бағалауынша, бронхиалды астма мен аллергиялық аурулардың ең жоғары деңгейі Алматы облысында, сондай-ақ Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан өңірлерінде тіркеліп отыр.
Жалпы құрылымға көз жүгіртсек, кең таралған диагноздардың қатарында аллергиялық контактты дерматит, атопиялық дерматит және аллергиялық әрі вазомоторлы ринит бар. Сарапшылардың дерегінше, бұл диагноздардың әрқайсысы шамамен 45 мың науқасты қамтиды.
Дәрігер не дейді?
Аллерголог Арман Байділдаевтың пікірінше, аллергияның өршуіне тек экологиялық факторлар емес, сонымен қатар күнделікті өмір салтындағы бірқатар себептер әсер етіп отыр. Оның айтуынша, тағам құрамындағы химиялық қоспалардың көбеюі мен антибиотиктерді шамадан тыс қолдану аурудың жиілеуіне тікелей себеп.
– Аллергияға тұтынып жатқан тағамдар да әсер етеді. Өйткені қазіргі тамақтарда түрлі химиялық қоспалар, бояғыштар, хош иістендіргіштер көп. Дәрілік заттарды, әсіресе антибиотикті көп тұтыну да аллергия тудырады, – деді ол.
Дәрігердің айтуынша, аталған факторлардың әсерінен ағзаның қорғаныс жүйесі әлсіреп, соның салдарынан аллергиялық реакция жиілеуі мүмкін. Сонымен қатар ол аурудың көбіне жас кезде пайда болатынын, ал жас ұлғайған сайын оның пайда болу ықтималдығы біршама төмендейтінін атап өтеді. Бұған қоса ішек микрофлорасының жағдайы иммундық жүйенің тұрақтылығында маңызды рөл атқарады.
Маман маусымдық аллергияны бақылауға және белгілі жағдайларда толық емдеуге мүмкіндік бар екенін айтады. Ол үшін арнайы иммунологиялық терапия қолданылады, ал қыс мезгілінде жүргізілетін АСИТ (аллерген-спецификалық иммунотерапия) әдісі ағзаны аллергенге біртіндеп үйретуге бағытталған.
– Маусымдық аллергиядан толығымен емделуге болады. Ол үшінқыс мезгілінде арнайы иммунологиялық ем қолданамыз. Қыста аллергияның себебін, яғни қандай өсімдік немесе шөп тозаңына реакция бар екенін анықтаймыз. Ол үшін арнайы аллергиялық сынама жасалады. Ағза жарты сағат ішінде нәтижені көрсетеді. Себепші аллергенді тапқаннан кейін, содан арнайы дәрі дайындап, кішкентай дозадан бастап ағзаға егеміз. Нәтижесінде ағзаның қарсы тұру қабілеті, яғни иммунитеті көтеріледі. Егер қыста негізгі емді алмаса, аллергия жыл сайын қайталанып, асқына береді, – деді маман.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда аллергиялық аурулар бойынша нақты, жүйеленген статистиканың жоқтығын атап өтеді.
– Мемлекеттік статистика қатаң есеп жүргізілетін аурулар бойынша жақсы жұмыс істейді. Оның қатарында туберкулез, АИТВ, онкология бар. Науқастар саны артып жатса да аллергия әзірге бұл жүйеге енгізілмеген, – деді ол.
Дәрігер маусымдық кезеңде алдын алу шараларының маңызды екенін еске салады. Оның пікірінше, тозаң көп таралатын уақытта жабық киім кию және үйге кірген соң міндетті түрде жуыну сияқты шаралар аллергиялық реакциялардың алдын алуға сеп.
Ғылыми прогресс пен баға мәселесі
Соңғы жылдары аллергияны емдеу саласында жаңа ғылыми бағыттар қарқынды дамып келеді. Соның ішінде отандық ғалымдардың жусан тозаңына қарсы әзірлеп жатқан жаңа препараты ерекше назар аудартып отыр. Қазіргі уақытта жоба клиникалық сынақ кезеңінен өтуде.
Зерттеудің ерекшелігіне тоқталған ҚазҰАЗУ жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов препараттың қауіпсіздік деңгейі мен технологиялық жаңалығын атап өтті.
– Вакцинаның негізгі ерекшелігі – оның аллергендігі әлдеқайда төмен. Бұл – жусан тозаңына қарсы клиникалық зерттеуге шыққан дүниежүзіндегі алғашқы вакцина, – деді Қайсар Табынов.
Осылайша, жаңа препараттар әзірленіп жатқанымен, қазіргі клиникалық тәжірибеде аллергияны емдеудің негізгі және ең тиімді әдістерінің бірі ретінде АСИТ-терапия кеңінен қолданылады. Бұл әдіс аурудың себебіне тікелей әсер ететін жалғыз ем ретінде бағаланғанымен, оның қолжетімділігі барлық науқастар үшін бірдей емес.
Мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі АСИТ-терапия да, заманауи молекулалық диагностика әдістері (ImmunoCAP, ALEX) де тегін медициналық қызметтер тізіміне кірмейтінін хабарлайды. Осыған байланысты пациенттердің басым бөлігі емді жеке қаражаты есебінен алуға мәжбүр.
Соның салдарынан ем құны да айтарлықтай жоғары. Мәселен, бір аллергенге арналған жылдық курс шамамен 230-260 мың теңге тұрады. Егер бірнеше аллерген анықталса, бұл сома 380 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал толық емдеу курсы 3-5 жылға созылатындықтан, жалпы шығын 1,5 миллион теңгеден асуы мүмкін.
Сондықтан аллергияны емдеуде ғылым алға қадам басқанымен, тиімді терапиялардың қолжетімділігі мен құны әлі де өзекті түйткіл болып отыр.