Аллеяға айналған жол: Алматыда Пушкин көшесі қалай түрленіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Пушкин көшесінің бір бөлігінде жаяу жүргіншілер аллеясы салынып жатыр.
Қала әкімдігі таныстырған жобаға сәйкес, Пушкин көшесі Райымбек батыр даңғылынан Гоголь көшесіне дейін жаңғыртылады.
Алайда көшенің аллеяға айналатын бөлігі — тек Райымбек батыр даңғылынан Мақатаев көшесіне дейінгі аралықтағы шығыс жағы. Батыс бөлігінде көлік қозғалысы сақталады.

Құрылыс жұмыстарына байланысты 2025 жылдың 31 шілдесінен бастап көшенің осы бөлігінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Алматы әкімдігі аумақты жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл бөлік жаяу жүргіншілерге арналған аллеяға айналып, көлік қозғалысы үшін біржола жабылатынын мәлімдеді.

Жобаның қазір қай сатыда екенін анықтау үшін Kazinform агенттігі Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына жүгінді.

Ведомство мәліметінше, бүгінгі таңда жоба бойынша жұмыстардың жалпы көлемінің 70%-ы орындалған.
Жобаны іске асыруға 2,7 млрд теңге бөлінген. Мердігер ұйым — «Construction Group Samruk» ЖШС.

— Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталу мерзімі — 2026 жылғы сәуір айының соңы. Алайда қала әкімі берген тапсырмаға бойынша нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деп хабарлады басқармадан.

Қазір көшеде 20 мың шаршы метр тас төсеу жұмыстары аяқталып келеді. Алдағы уақытта мұнда 272 сыртқы жарықтандыру бағанын орнату және қосу жоспарланып отыр.
Одан бөлек көгалдандыру жұмыстары аясында 277 ағаш пен 27 000 түрлі бұта отырғызылады, шамамен 300-ге жуық шағын сәулет нысандарын орнатылады.

— Пушкин көшесінің Райымбек батыр даңғылынан Мақатаев көшесіне дейінгі бөлігінің шығыс жағында жаяу жүргіншілер аймағын құру көзделген. Бұл ретте аумақ ішінара ғана жабылған, ал негізгі бөлігі жаяу жүргіншілер мен автокөліктер үшін ашық, — деп түсіндірді басқармадан.

Сонымен қатар ведомство осы жобадан бөлек қаланың басқа көшелерінде автокөлік жолын қоғамдық кеңістікке айналдыру бойынша жұмыс жүргізілмегенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін жаңғырту жұмыстары аясында Есентай өзені жағалауында жаңадан құйылған бетонның неліктен қайта бұзылғанын жазғанбыз.


