Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысы қалай жүріп жатқанын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі тұңғыш атом электр стансасының «бірінші бетоны» шамамен 2029 жылы құйылады. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты.
— «Росатом» жұмысты өте сәтті бастады. Жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр. Шамамен 50 ұңғыма бұрғыланды. Топырақ алынып, сарапталып жатыр. Шамамен 2 мың нүктеден радионуклид анықтауға сараптама жүргізілді. Гидрологиялық, гидротехникалық, инженерлік сараптама, жергілікті жерге топографиялық сараптама жүргіздік. Екі гидробекет орнатылды. Жалпы, жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бұған дейін айтқанымыздай, 18 айдың ішінде жобалау-іздестіру жұмысы аяқталып, стансаның түпкілікті пішіндемесін аламыз, — деді агенттік басшысы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сондай-ақ агенттік басшысы кадрларды дайындау басталып кеткенін айтты.
— Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның 7 жоғары оқу орны мамандандырылған бөлімшелер ашты. Бұған қоса, халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Мажарстан, Франция, Жапония, Қытай және Ресейдің кадрлар дайындау орталықтарымен Қазақстан мамандарын дайындау туралы келістік. Мұнан бөлек, қазірдің өзінде Қытай шамамен 200 грант бөлді. Қазір атом энергетикасы стансасында жұмыс істеу бойынша бейінді мамандық алуға ниетті жас мамандардан өтінім жинаймыз. Олар Франция, Қытай, Ресей, Мажарстан елдерінің энергетикалық нысандарында тәжірибеден өтеді, — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның атап өтуінше, ресейлік жоба бойынша стансаның «бірінші бетонын» құю шамамен 2029 жылы басталады.
Бұған дейін Қазақстан азаматтары бірінші АЭС-ке қандай атаулар ұсынғанын жазған едік.