Алматы әкімдігі Сайран көліндегі тыйымға қатысты түсініктеме берді

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыдағы Сайран су қоймасының толтырылуы уақытша техникалық шара болды. Су санитарлық-гигиеналық тексерістен өткен жоқ.

Сайран көлі
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, су санитарлық-гигиеналық тексерістен өткен жоқ. Сондықтан ҚР «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы» және «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңдарына сәйкес, су айдындарына азаматтардың кіруіне шектеу қойылады. Бұл — адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында жасалады.

— Қазір Сайран көлінің аумағы қоршалды, себебі онда құрылыс және инженерлік-техникалық жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Су айдыны заңда белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген жоқ, — делінген басқарма хабарламасында.

Әкімдік өкілдері көлге су жіберу жұмыстары тек уақытша іске қосу кезеңі аясында жүргізілгенін атап өтті. Қазір су деңгейі бекітілген кестеге сәйкес төмендетілді.

— Қазақстан Республикасының «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы» заңының 20-бабы, 3-тармағына сәйкес, су рекреациялық мақсатта пайдалануға жарамды екені жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы алынғанға дейін, шомылуға қатаң тыйым салынады, — деп нақтылады әкімдіктен.

Еске салайық, күні кеше Сайран көлінде қайғылы жағдай болды. Республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері судан екі адамның денесін алып шықты. Алдымен 17 жастағы жасөспірімнің денесі табылса, кейінірек — 1977 жылы туған ер адам судан шығарылды.

Жақында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды аппарат кеңесінің отырысында Сайран көлінің санитария жағдайына ерекше назар аударып, құқықбұзушыларға бақылау жүргізіп, қатаң шара қолданбаған басқармаларды қатаң сынға алған болатын. 

Осыған дейін Сайран көлінде абаттандыру жұмыстары аяқталмай жатып, тазалық мәселесі туындағаны туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар