Алматы әкімдігі тозығы жеткен автокөліктерді сатып алатын болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шешімдер талқыланды. Олардың бірі - ескі көліктерді сатып алу.
Алматы әкімдігінің Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша экологиялық класы төмен ескі автокөліктерді сатып алып, кейін оларды кәдеге жарату үшін арнайы компания құру мәселесі пысықталды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жұмыс кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен және «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Жоба аясында автопаркті жаңарту тетіктерін іске асыратын еншілес ұйым құру көзделеді.
- Жоба шеңберінде экологиялық таза көліктерді сатып алуға жеңілдетілген несиелеу, лизингтік бағдарламалар және Trade-In тетіктерін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жобаға Astana Motors, Orbis және басқа да жергілікті автокөлік өндірушілерін тарту жоспарланып отыр, - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 600-ден астам автокөлік экологиялық норманы бұзғанын жазғанбыз.