Алматы апорты қайта оралды: тарихи брендтің болашағы қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Алматының брендіне айналған апорттың даңқы бүгінде қайта жаңғырып жатыр. Ғалымдар тарихи сорттың табиғи қасиетін сақтап, жаңа ағаштар егуге кірісті. Ұлттық символды қайта түлету қалай жүзеге асып жатыр және одан қандай нәтиже күтеміз? Kazinform тілшісі сараптады.
Апорттың тарихы
Апорт — жай ғана алма сорты емес, Алматының тарихи символы. Оның ірілігі, қанық қызыл түсі, ерекше хош иісі мен тәтті-қышқыл дәмі ғасырлар бойы өңірдің брендіне айналды. Бүгінде апорт Қазақстанның ғана емес, әлемге танылған сорттардың бірі саналады. Дегенмен оның елге қалай келгені және неліктен өзінің табиғи қасиетін дәл Алматыда толық ашқаны көпшілікке беймәлім.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы саласының маманы Сәуле Қазыбаеваның айтуынша, апорттың Алматыдағы тарихы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. 1865 жылы Верныйға (қазіргі Алматы) Воронеж губерниясынан қоныс аударған шаруа Егор Редько апорт көшеттерін алып келеді. Кейін жергілікті бағбандар оларды жабайы Сиверс алмасының телітушісіне теліп өсірген. Соның нәтижесінде 1875 жылдан бастап алғашқы өнім алынып, көп ұзамай сорт кеңінен таныла бастады.
— XX ғасырдың басында Алматы апорты Ресей мен Еуропаға экспорттала бастады. 1908 жылы Германиядағы халықаралық көрмеде жүлдеге ие болып, кейін «Верный алмасы», «Қазақстан алмасы», «Алматы апорты» атауымен әлемге танылды, — дейді сарапшы.
Апорттың даңқы артқан сайын оны өндірістік көлемде өсіруге ерекше көңіл бөлінді. 1930-жылдары елімізде ірі бау-бақша шаруашылықтары құрылып, 1937 жылы арнайы ғылыми институт ашылды. Мұнда апорт жаңа сорттарды шығаруда донор ретінде пайдаланылды. Соның нәтижесінде 1970 жылға қарай шекілдеуікті жеміс бақтарының көлемі 107 мың гектарға жетіп, оның ішінде 3 миллионнан астам апорт ағашы болды. Елдегі апорт бақтарының 70 пайыздан астамы Алматы облысында шоғырланды.
Алайда ғалымдардың айтуынша, апорттың әлемге әйгілі болуы тек селекцияның нәтижесі емес. Оны көптеген елде өсіріп көргенімен, табиғи қасиеттері толық ашылатын жалғыз өңір — Іле Алатауының бөктері. Осы ерекшелікті ғылыми тұрғыдан дәлелдеу мақсатында 2011–2012 жылдары зерттеулер жүргізіліп, апорттың дәмдік қасиеттері сақталған 115 генетикалық форма іріктеліп, арнайы қорға алынды. Ал 2023 жылы «Алматы апорты» Қазақстанның ресми бренді ретінде патенттелді.
Сәуле Қазыбаеваның айтуынша, апорт теңіз деңгейінен 900–1300 метр биіктікте өзінің барлық қасиетін толық ашады.
— Әрине, апортты 700–800 метр биіктікте де өсіруге болады. Бірақ ол өзінің табиғи сапасын толық бере алмайды. Алматының шұғыл континенттік климаты, тау етегінің топырағы мен температура айырмашылығы жеміске ерекше қызыл реңк, қайталанбас хош иіс пен қытырлақ құрылым береді. Сондықтан апорт өзінің табиғи ортасын дәл осы өңірден тапты, — деп санайды ғалым.
Тарихи брендті түлету қалай жүріп жатыр?
Елімізде апорт алмасын қайта жаңғырту жөніндегі 2025–2028 жылдарға арналған Жол картасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты — апорттың генетикалық ерекшеліктерін сақтай отырып, сапалы көшет өндірісін жолға қою және өндірістік бақтарды біртіндеп қалпына келтіру.
Осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, Талғардағы өңірлік филиалда жабайы Сиверс алмасының тұқымдарынан арнайы тұқымбақ құрылып, қысқы теліту әдісімен алғашқы көшеттер өсірілген. Биыл Помологиялық бақ аумағында 10 гектар жаңа апорт бағы отырғызылып, суару жүйесі жаңартылған әрі қажетті техника сатып алынған.
— Бастама бірнеше жылдық ғылыми зерттеулердің нәтижесіне сүйенеді. 2011 жылдан бері ғалымдар Сиверс алмасының табиғи популяцияларына экспедициялар ұйымдастырып, генетикалық тұрғыдан ең үйлесімді үлгілерді анықтады. Кейін молекулалық зерттеулер арқылы апортпен сәйкес келетін телітушілер іріктеліп, вируссыз көшет өсіру технологиясы әзірленді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы 5 гектар тәжірибелік бақ отырғызылып, бүгінгі өндірістік бағдарламаға негіз қаланды, — деді спикер.
Ғылыми зерттеулер тек көшет өсірумен шектелген жоқ. Жоба басталар алдында арнайы комиссия құрылып, бақ отырғызылатын аумақтардың топырағы, суару мүмкіндігі мен фитосанитарлық жағдайы жан-жақты сараланғанын білдік. Оның құрамына селекционерлер, топырақтанушылар, өсімдік қорғау мамандары мен агрохимиктер кіріп, әрбір учаскеге арналған агротехникалық ұсынымдар әзірленген.
Мамандардың айтуынша, қазіргі көшеттер тарихи Алматы апортының клондарынан алынып, генетикалық тұрғыдан дәлелденген Сиверс алмасының арнайы формаларына телінеді.
Апорттың экономикалық әлеуеті қандай?
Апорт — тез өнім беретін интенсивті сорт емес. Сиверс телітушісінде өсірілген ағаштар алғашқы өнімін шамамен 7–8 жылдан кейін береді, ал толық өнімділігіне 10 жылда жетеді. Сондықтан сарапшылар бастаманы қысқа мерзімді коммерциялық жоба емес, ұлттық маңызы бар ұзақ мерзімді инвестиция ретінде бағалайды.
Соған қарамастан жобаның экономикалық әлеуеті жоғары. Ғылыми есептерге сәйкес, толық жеміс берген кезде бір ағаштан орта есеппен 50–70 келі өнім алуға болады. Сонымен қатар апорт жемістері тасымалдауға төзімді, ал заманауи сақтау технологияларын қолданғанда олардың дәмдік қасиеті көктемге дейін сақталады.
Осы әлеуетті ескере отырып, Жол картасында апорт бақтарын кезең-кезеңімен кеңейту көзделген. Құжатқа сәйкес, 2025–2028 жылдары жалпы 110 гектар апорт бағы отырғызылады. Алғашқы екі жылда Помологиялық бақ пен Алматы қаласы әкімдігі жыл сайын 10 гектардан бақ егеді. Кейін Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және «Байсерке Агро» базасында тағы 90 гектар жаңа бақ отырғызу жоспарланған.
Бағдарламаның түпкі миссиясы — болашақта апортты халықаралық нарыққа қайта шығару. Алайда Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутуланың айтуынша, қазіргі кезеңдегі басты міндет — тұрақты өндірістік базаны қалыптастыру.
— Экспорт мәселесіне келгенде қазір негізгі міндет — тұрақты өндірістік база қалыптастыру. Соған қарамастан Алматы апорты халықаралық деңгейде таныстырылып келеді. Соңғы жылдары ол Италиядағы ФАО штаб-пәтерінде, Германиядағы ауыл шаруашылығы көрмесінде және Ресейдегі халықаралық форумдарда ұсынылды, — деді Максим Сутула.
Мамандардың пікірінше, апорттың қайта жаңғыруы Алматының тарихи брендін нығайтуға және агротуризмді дамытуға серпін береді. Егер Жол картасында көзделген жұмыстар толық жүзеге асса, Қазақстан әлемге әйгілі алмасын халықаралық нарыққа қайта шығарып қана қоймай, ұлттық символдарының бірін келер ұрпаққа сақтап қала алады.