Алматы апортын брендке айналдырғым келеді – парфюмер
АЛМАТЫ. KAZINFORM - «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қызметкері Гүлжан Түзелбаева елімізде алғаш рет кәсіби түрде әтір өндіру ісін қолға алған жас ғалым. Отандық ғылымның көмегімен, білімі мен табандылығының арқасында таза «қазақша» хош иістерді шығаруға бел буған алматылық парфюмер Кazinform тілшісіне парфюм өндірісі мен алдағы жоспары туралы айтып берді.
– Гүлжан, Сіздің мамандығыңыз қаржыгер. Актерлік өнеріңіз де бар. Парфюм өндірісін де қолға алыпсыз, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мамандықтардың қайсысы жаныңызға жақын?
– Парфюмерия саласына деген қызығушылығым бұрынан бар. Оны зерттеп, көргім келді. Парфюм шығару ісіне пандемия кезінде кірістім.
Дұрыс айтасыз, менің бірінші мамандығым - қаржыгер, екінші мамандығым – актер. Үшіншісі - парфюмер.
Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Берлин кинофестивалінің беделді бағдарламасына қатысты. Менің сол кинода рөлім болғандықтан мені де ала кетті. Міне, сол кезде шенген визасын пайдаланып, Францияға бардым. Сол кезде парфюм саласының мамандарымен кездесіп, өз ойымды айттым. Жолым болып, үздік Грац парфюмериялық университетінде білім алдым. Мұғалімдерге, парфюмерияны түсінетіндерге мен шығарған иіссулар ұнады. Олардан көп мақтау естідім. Сондықтан, ойға алған істі жүзеге асыруға бел будым.
– Айтыңызшы, Қазақстанда парфюм өндірісімен айналысатындар бар ма?
– Елімізде бұл ниша бос, тіпті мүлдем қолға алынбаған деуге болады. Бұған дейін де отандық хош иісті суларды нарыққа шығаруға талпынғандар аз болмады, бірақ олардың бәрі әдеттегідей шетелдік мамандарды тартумен шектелген. Сондықтан, оны қазақстандық өнім деп айтуға болмайды. Мен солай санаймын. Неге? Өйткені, ол үшін арнайы құрал-жабдық керек, шикізат қажет және ең бастысы арнайы рұқсат болуы шарт.
– Парфюмер болу үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Бұл салаға келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Екі жыл ғана оқыдым. Білімімді әлі де жетілдіре түсу керек. Парфюмер мамандығын 5 жылға жуық оқиды. Соған дайын болу керек. Әрі үнемі ізденісте болған жөн. Еуропа елдерінде тәжірбие жинақтаған абзал. Тек сол кезде ғана осы саланы дамытуға болады.
– Біздің елде аталған мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік бар ма?
– Бар. Алдағы уақытта мен оқытамын. Негізгісін үйрете аламын деп ойлаймын. Прафюмерияда негізігі және тереңдетілген білім бар. Сондай-ақ табиғи және табиғи емес шикізат бар. Соны да үйретеміз. Бұл жерде біздің жолымыз болды. Себебі, өзіміздің табиғи шикізатты зерттеп, дамытамыз. Яғни, алуан түрлі гүлдер мен өсімдіктерге зерттеу жүргіземіз. Бұдан бөлек, жасанды шикізатты да дамыту керек.
– Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда парфюм өндірісіне арналған шикізат бар ма?
– Иә, елде бар. Бірақ кейбірі ғана. Бұл қиындықтар тудырады.Мәселен, арнайы флакондар мен қорапшалар да жоқ. Әзірге,Франциядан әкеліп жүрмін. Концентраттың бір бөлігі осында жасалады. Алдағы уақытта өндірісті отандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін Қазақстандағы түрлі шөптерді өсіруді қолға аламыз.
– Алғашқы туындыңыз туралы айтып беріңізші?
– Алған білімнің нәтижесінде «Алматы апорты» деп аталатын алғашқы әтір суын жасап шығардым. Ол менің дипломдық жұмысым еді. Бәріне ұнады. Сатып алушылар көп болды. Артынша, «Апорт», «Жаңа апорт» шықты. Менде апорттың бес түрі бар. Олар көп болатын сияқты. «Аида» бар. Өзіме қатты ұнайды. Сеуіп жүрмін. «Әмір», «Mineral Rose», «Алматы раушаны гүлі» деп аталатын хош иісті сулар шықты. Жақында «Махаббат» деген иіссуды жасадық. «Сәуле» мен «Әйгерім» бар. Алдағы уақытта «Жусан» хош иісті парфюмімді шығаруды мақсат тұтып отырмын.
– Сіз шығарған әтірдің ерекшелігі неде?
– Менің туындымның басты артықшылығы – Алматыда жасалады. Өте сапалы. Сондай-ақ мен әр адамға өзіне жеке парфюм жасап бере аламын. Өз жұмысымда парфюмерияның классикалық формулаларымен бірге ұлттық нақышты қолданамын. Осы жерде айта кетейін, таза табиғи парфюм деген болмайды. Яғни, бәріне қоспа қосылады. Біз денсаулыққа зияны жоқ, барлық халықаралық талапқа сай етіп шығарамыз.
– Зертханалық жұмыстарды қайда жүргізесіз?
– Өндіріс Қазақстанда. Нақтырақ айтсам, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде. Бұған дейін, Әбікен Бектұров атындағы химия ғылымдары институтына жұмыс істеген едім. Қуантатыны, мемлекет ғалымдарға қолдау көрсетіп жатыр. Алайда, менің жобама әлі қаржы салған жоқ. Өйткені, мен енді ғана ұсынысымды дайындап жатырмын. Ең бастысы, қызығушылық танытты. Осының өзі – үлкен қадам, қуаныш.
– Құпия болмаса, хош иісті судың құны қанша?
– Бұл - ұлттық колориті бар классикалық парфюмдер. Бағасы – 35 мың мен 45 мың теңгенің аралығында.
– Гүлжан, көктем мерекесі келе жатыр, 8 наурызда қандай сыйлық алғанды жақсы көресіз?
– Көктемнің ең керемет мерекесі ол – 8 наурыз. Бұл күні мен әрқашан парфюм сатып алатынмын. Бұл жолы қыздарға, аналарға, жеңгелерге арналған жаңа топтама дайындап жатырмын. Оған қоса, жаңа хош иісті кремдерге, үйге және көліктерге арналған эко-фузерлерге және басқа да жаңа заттарға тосынсыйлар әзірлеймін.
– Әдетте, өнертапқыштар туындыларына өз есімдерін береді. Сіздің әтірлеріңіздің ішінде Гүлжан дегені бар ма?
– Менің атым парфюмерияда жоқ, мүмкін қарапайым болғандықтан, басқалар туралы көбірек ойлайтын шағармын. Есесіне қазақша атаумен иіс су топтамасы көп. Мені адамдардың есімдері шабыттандырады. Бүкіл парфюмерия бренді Гүлжан деп аталады.
– Сіз, көптеген елде болдыңыз, Қазақстан ол мемлекеттерден несімен артық?
– Қазақстан – әлемдегі ең керемет мемлекет. Барлық жағынан деп айтсам да болады. Табиғаты көркем, халқы қонақжай, қалалары заманауи. Кез келген салада дамуға мүмкіндік бар, оған жағдай да жасалған. Мен Қазақстан елінің азаматымын, ең бастысы елімді әрқашанда мақтан тұтамын.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз...
– Жұпар иісінен-ақ кез-келген гүлді ажыратып айтып бере алам. Алматы апортымен, жайқалған алуан түрлі гүлімен танымал. Соны брендке айналдырғым келеді. Әрине жұмыс оңай емес. Парфюмерияны дамытуға арналған жобамды ғылыми тұрғыда қорғап шықсам, маған қаржы бөлінеді. Былтыр қатысқан едім, бірақ өтпей қалдым. Биыл тағы да бағымды сынап көрмекпін.
– Әңгімеңізге рахмет!