Алматы әуежайы жөндеу жұмыстарына байланысты жолаушыларға үндеу жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайының халықаралық терминалында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Алматы әуежайы жөндеу жұмыстарына байланысты жолаушыларға үндеу жасады
Фото: Александр Павский/Kazinform

Мегаполис әуежайының мәліметінше, 10 күн бойы Т2 терминалының ұшу қабатында, паспорттық бақылау аймағына жақын жерде, ғимарат төбесінде жөндеу жүреді. Жұмыстар таңғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жүргізілмек.

– Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Аталған жұмыстар – терминалдың жайлылығын арттыруға бағытталған жоспарлы шаралардың бөлігі. Жол жүруді жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруіңізді сұраймыз, себебі қарбалас сағаттарда кезектер пайда болуы мүмкін, - деп хабарлады әуе айлағының баспасөз қызметі.

Еске салайық, Алматы әуежайының жаңа терминалы 2024 жылдың 1 маусымында іске қосылды. Алғашқы рейс ретінде Лондон-Алматы бағыты бойынша ұшқан әуе кемесі келіп қонды

Бұған дейін Алматы әуежайының ішкі терминалында жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жазғанбыз. Олар биыл шілде айында аяқталуы тиіс.