10:45, 22 Қаңтар 2025 | GMT +5
Алматы әуежайында түкірген шетелдікке айыппұл салынып, рейстен түсірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы–Шымкент рейсімен ұшпақшы болған жолаушыны ұстады.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тексеру барысында жолаушы 34 жастағы Қытай азаматы екенін анықтаған.
- Ол рейске отырғызу кезінде күту залында, яғни қоғамдық жерде түкіріп, айналасындағы азаматтарға құрметсіздік танытып, жалпы қоғамдық орынды ластаған. Құқықбұзушы 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл арқалап, рейстен түсірілді, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталғанын жазғанбыз.