Алматы әуежайындағы оқиға: іс қайта сотқа жолданды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында адамды кепілге алу ісі бойынша қайта тергеудің қорытындысын хабарлады.

Алматы әуежайындағы оқиға: іс қайта сотқа жолданды
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Биыл 7 сәуір күні Түрксіб аудандық сотында Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты сот отырысы басталды.

Сотта күдіктіге қатысты ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі, 261-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы, 273-бабы бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен қылмыстық іс қаралды. Алайда сотталушы ҚК-нің 261-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен тағылған айып бойынша кінәсін мойындамады. Сондықтан Түрксіб аудандық соты күдіктіге қатысты сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу ісін жалпы тәртіпте сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін прокурорға қайтарды.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру Машрапбек Баратовтың қылмыстық әрекетіне қатысты айыптауды өзгеріссіз қалдырды.

- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында М.Абдраим ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 71-бабына сәйкес жәбірленуші деп танылды. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған айыпталушыға қатысты істің қандай сатыда екенін жазғанбыз.

Еске салайық, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенді.

Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.

Соңғы жаңалықтар