Алматы әуежайындағы жағдай: полиция қызметтік тексеруді бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында қызды кепілге алған ер адамды ұстауға қатысқан қызметкерлер бойынша түсінік берді.

— Полиция қызметкерлері Алматы әуежайының өкілдерімен бірге оқиға орнындағы жағдайды жедел шешті. Шабуыл жасаған ер адам қызметкерге агрессия көрсеткенін ескере отырып, олар әуежай терминалында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритмге сәйкес әрекет етті, — деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
Десе де, Көліктегі полиция департаменті аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Оның нәтижелеріне сәйкес, құқықтық баға берілетін болады.
Еске салайық, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенгенін жазғанбыз.
Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мұса Сайранбайұлы Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Кейін ол Бүкіләлемдік бокс кеңесінің бейбітшілік елшісі болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттады.