Алматы әуежайының аумағынан 1 желтоқсаннан бастап екі автобус бағыты жүреді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайының аумағына автобус маршруттары қайта кіре бастайды.

әуежай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы қаласы Көлік холдингі әуежайдың іргелес аумағындағы жол төсемін кеңейту жөніндегі жұмыстардың аяқталуына байланысты 1 желтоқсаннан бастап №92 және №3 бағыттардың қозғалысы қайта қалпына келтірілгенін хабарлады.

Еске салайық, әуежай автотұрағында құрылыс жұмыстарына байланысты автобустар жолаушыларды Майлин көшесіне қалдырып жүрді.

Сондай-ақ Көлік холдингінің мәліметінше, Береговой және Ю.Ким көшелерінің қиылысында авариялық учаскені қалпына келтіру жұмыстарына байланысты №59, №63, №63А, №79 және №119 бағыттарының қозғалыс сызбалары уақытша өзгертілді. Жаңа сызба 29 қарашадан бастап жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін болады.

Бұған дейін Алматыда «Спорт сарайы — Медеу спорт кешені» бағыты бойынша жаңа № 21 автобус маршруты іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар