Аңызға айналған Алматы апортының бүгінгі жай-күйі қалай

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ерекше хош иісі мен ересек адамның алақанына сыймайтын ірі көлемі Алматы апортын әлемге танытты. Алайда қала символына айналған жеміс бүгінде жоқтың қасы. Kazinform тілшісі апорт жемісінің тарихы мен оның болашағына, яғни отандық жемісті жандандыру бойынша атқарылып жатқан жұмысқа шолу жасады.

апорт
Коллаж: Kazinform

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаеваның айтуынша, Алматы апортының тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады.

1865 жылы Воронеж губерниясының Острогожский округінен қоныс аударған Егор Васильевич Редько Верныйға (қазіргі Алматы қаласы) өз Отанында басқа сорттардан ешқандай ерекшелігі болмаған апорт алма ағашының бірнеше көшетін әкелген.

— Кішкентай ағаштар тамыр жайып, күшейіп, бірнеше жылда гүлдеді. Күзде ағаш бұтақтарында пішіні ірі-ірі, қып-қызыл ғажайып алмаларды бағбанның көршілері көріп, табиғаттың бұл көрінісіне таң қалған еді. Егор Васильевич бүкіл ниет білдірген адамдарға алма ағашының қалемшелерін телітуші ретінде беріп отырды. Көп ұзамай керемет сорт бүкіл Алматы өңіріне тарады, — дейді маман.

апорт
Фото Сәуле Қазыбаеваның жеке архивінен

Сәуле Қазыбаева апорт тартымды келбеті мен керемет дәмінің арқасында көп ұзамай Жетісу өңірінде жеміс саудасында жетекші орынға шыққанын атап өтті. Маманның айтуынша, саудагерлер жемісті Сібірге және оңтүстік аймаққа теміржол арқылы жеткізіп отырған. 

Сондай-ақ Верный бау-бақша училищесінің және жылына жүз мыңнан астам көшет шығарған Н. Т. Моисеевтің ірі жекеменшік алма бағының жұмысының нәтижесінде сорт Қазақстанның оңтүстік-шығысында, әсіресе Іле Алатауының таулы аймағына кеңінен тарады.

Алматы апортының басты ерекшелігі неде?

Алматы апортын өндірушілер қауымдастығының президенті Роман Сафаровтың айтуынша, қала символына айналған жеміс — ешқандай алма тең келмейтін ірі көлемімен ерекшеленеді. Орта есеппен жеміс салмағы — 250-400 грамм, бірақ кейбіреуі 900 граммға дейін жетуі мүмкін.

— Алматы апортының басты ерекшеліктерінің бірі — алманың өзге ешқандай түрінде жоқ жемістің мұрын жарар хош иісі. Тағы бір ерекшелігі — оны тістеген кезде қытыр еткен дауыс шығады, — деді Роман Сафаров.

алматы апорты
Фото: Александр Павский/Kazinform

Сонымен қатар ол жемісі тәтті болғанымен, апорт ағашын өсірудің бейнеті көп екенін атап өтті. Көшет егілгеннен кейін апорт ағашы алғашқы жемісін 8 не 9-шы жылында бір-ақ бере бастайды.

— Алматы апорты — арнайы күтімді талап ететін қыңыр ағаш деуге болады. Оны отырғызып, өсіру үшін арнайы білім мен икемділік қажет. Бірақ оған қажетті жағдай жасалса, әп әдемі ірі жемістерді алуға болады. Апорт тек 8-9-шы жылдары жеміс беретіндіктен бағбандар арасында онша қызығушылық жоқ. Сондықтан біздің қауымдастық осы алмаға ерекше ықыласы бар адамдардың басын қосады, — дейді ол.

Әлемге танылған апорт қалай азайып кетті?

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаева Алматы апортының азайып кетуінің басты себебі — урбанизация екенін айтады.

— Алматыда, басқа да ірі қалалар сияқты, әсіресе бір кездері бау-бақша өскен аудандарда белсенді урбанизация басталды. Жеміс бағының орнына көпқабатты үйлер, коммерциялық және инфрақұрылымдық нысандар салынды. Салдарынан осы сорт өсірілген көптеген ескі алма шаруашылықтары жоғалып кетті. Ауыл шаруашылығы мен агротехнологияның дамуымен алма ағаштарының өнімді және төзімді сорттары көбірек егіле бастады. Голден делишес немесе Ред Делишес сияқты сорттар жаппай өндіріске ыңғайлы болды. Өйткені оларды тасымалдау жеңіл және сақтау мерзімі ұзағырақ. Апорт алмасы ерекше күтімді қажет етеді және ұзақ уақыт сақтауға келмейді, бұл оны коммерциялық мақсатты өсіруді қиындатады, — деді ол.

апорт
Фото Сәуле Қазыбаеваның жеке мұрағатынан

Сондай-ақ институт өкілінің айтуынша, Алматы апортының бұрынғы дәмі мен сапасының жоғалуының ең негізгі себебі — бұл сорттың ғылыми тұрғыда ұсынған теңізден жоғары деңгейінде (900-1200 метр) өспеуі, сонымен қатар көшеттердің Сиверс алмасына телу арқылы өсіріп шығарылмауы.

— Жеке шаруашылықтар бұл технологияны сақтамауы мүмкін. Бірақ Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары барлық талаптарды сақтау арқылы апорт көшеттерін өндіреді, — деп атап өтті Сәуле Қазыбаева.

апорт
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматының символы қалай қайта жанданады?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні Алматы мен Жетісу облысындағы апорттың жалпы алаңы 2,5 мың гектар және шамамен 416 000 ағаш бар. Ал Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы мегаполисте шамамен 230 гектар жерде апорт сортының алма ағаштары өсетінін хабарлады.

Kazinform сауалына жіберген жауабында Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы жыл өткен сайын апорт сортының сапасы төмендеп, түрлі ауруларға сезімталдығынан апорт бақтарының көлемі 1071 гектардан 446 гектарға азайғанын мәлімдеді.

Бір кездері Алатаудың бөктерінде кеңінен өскен бұл жемісті қайта көбейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен бірге «Апорт» сортын жаңғырту бағдарламасын әзірлеген.

Апортты жандандыру бағдарламасы 2024-2028 жылдарға арналған. Оны іске асыруға жеке инвесторлар мен мамандандырылған питомниктік шаруашылықтар қатысады. Бағдарлама аясында 110 гектар жерге бақ отырғызу жоспарланған.

апорт
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Бірінші кезеңде, яғни 2024 жылы алма тұқымы жиналды. 2025 жылы жеміс-көкөніс шаруашылығы ҚазҒЗИЖ ҒЗИ «Талғар» аймақтық филиалында көшеттер отырғызу басталады, ол питомник шаруашылықтары үшін аналық-көшет баққа айналады. Осыдан кейін жеке бағбандар арасында «Апорт» өндірісін кеңейтуге мүмкіндік болады, — деп хабарлады министрліктен.

Ал Алматы қаласының әкімдігі апорт алмасының сортын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақ ғылыми-зерттеу ауыл шаруашылығы институтымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Осы мақсаттағы жұмысқа Наурызбай ауданында, Әл-Фараби даңғылынан 5 км жерде орналасқан ауданы 17 гектар жер учаскесі бөлінген.

Сондай-ақ Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мәліметіне сәйкес, шынайы Алматы апортын Көк базар мен Сары-Арқа базарларынан және Бостандық ауданында демалыс күндері өтетін қалалық жәрмеңкеден сатып алуға болады.

апорт алма
Фото Роман Сафаровтың жеке архивінен

Айта кеткен жөн, Алматы апортының бақтарын сақтау және дамытуға жәрдемдесу мақсатында 2023 жылдың наурыз айында «Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы» дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі тіркелді. Ұйымға апорт сортын өсірумен айналасатын бағбандар кіреді. Қауымдастық мүшелері бақтарының жалпы ауданы — 250 гектардан асады.

Қауымдастық президенті Роман Сафаровтың айтуынша, қазіргі уақытта апорт өндірушілерге арнайы көмек жоқ. Дегенмен, бұл мәселе үкіметте қарастырылып жатыр.

— Арнайы субсидия әлі жоқ. Субсидия тек қарқынды бау-бақша шаруашылықтарын қамтиды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне апорт өсіруге жеке субсидия енгізу үшін субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізуді пысықтау тапсырылды. Осы орайда, біз ұзақ уақытқа төмен пайызбен қаражат берілетін несиелеу мәселесін, сондай-ақ сақтандыру мәселесін пысықтау дұрысырақ деп санаймыз. Бұл біз үшін маңызды, — деді ол.

апорт
Фото: Александр Павский/Kazinform

Сербия президентіне сыйланған алма қайдан алынған?

Өткен айда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары кезінде Сербия Президенті Александр Вучичке Алматы апортынан дәм татқызды. 

Біз Александр Вучич әлеуметтік желіде жариялаған апорт қайдан алынған болуы мүмкін екенін Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаевадан сұрадық.

Касым-Жомарт Токаев вручил своему коллеге сундук с алматинским аппортом, чем впечатлил Президента Сербии Александра Вучича
Фото: Akorda

— Сербия президентіне сыйға берілген апорт алмасы Қазақстанда өсірілген Алматы апорты деп ойлаймын. Өйткені Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Алматы апорты қауымдастығының мүшелерінің бірінен апорт алмасын сатып алушылар Сербияға алма апару үшін алған деген болжам бар. Қазақстанда 2400 гектардан астам аумақта Апорт алмасы өсіріледі және биыл Апорт алмасы өнімі өте жақсы болды, сондықтан сыйлыққа Алматы апортын беруге мүмкіндігіміз мол, — дейді ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары Сербия президентіне сыйланған апорт Қырғызстаннан алынуы мүмкін екенін жазған болатын. Осы орайда Сәуле Қазыбаева қырғыз апорты мен Алматы апортының айырмашылығын атап өтті.

— Қырғызстан тау бөктерінде де апорт алмасы өседі, оның атауы — Қырғыз апорты. Ол басқа сорт. Отандық апорттың хош иісі мен дәмі қырғыз апортында жоқ, — дейді маман.

гүлдеді
Фото: Александр Павский/Kazinform

Еске салайық, былтыр Апорт алмасы Қазақстан бренді болып тіркелгенін жазғанбыз.

Содан кейін Үкіметте алма сортын қайта жаңғырту бағдарламасы таныстырылды. 

Соңғы жаңалықтар