Алматы дәрігерлері бауыры зақымданған жүкті әйелді аман алып қалды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облыстық акушерлік гинекология және перинатология орталығының дәрігерлері ауыр жағдайда түскен жүкті әйелге шұғыл кесарь тілігін жасап, ана мен нәрестені аман алып қалды.

операция
Фото: Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы

Ауруханаға жүктіліктің 32 аптасында HELLP синдромымен, жедел бауыр жеткіліксіздігімен және асцитпен (іш қуысында сұйықтықтың жиналуы) асқынған ауыр преэклампсия диагнозымен ауыр жағдайда түскен 42 жастағы әйелге шұғыл кесарь тілігі операциясы жасалды.

– Мұндай жағдайда әрекет ету талабы бойынша бірнеше сала маманы бірлесе әрекет етіп, шұғыл отаны төрт мәрте жасады. Науқаста көптеген асқынулар болды, сепсис, органдардың дұрыс жұмыс істемеуі науқастың жалпы жағдайының ауырлауына әкелді. Операция кезінде толық хирургиялық гемостаз және ішкі мықын артерияларын байлау жүргізілді, бірақ науқастың жағдайы алаңдаушылық туғызды, – дейді облыстық аурухананың акушерлік гинекология және перинатология орталығының директоры Гүлжахан Жұмадуллаева.

Айтуынша, операциядан кейін үшінші күні акушерлік, реаниматология және гепатология саласындағы сарапшылардың қатысуымен телемедициналық кеңес жүргізілді.

– Қиындықтарға қарамастан, дәрігерлер заманауи тәсілдерді қолдана отырып, ана мен баланың өмірін құтқарып қалды. Қазір науқастың жағдайы жақсарып, үйіне отбасына аман-есен оралды, – деп толықтырды Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева.

Осыған дейін Алматы қаласының № 2 қалалық перинаталды орталығының дәрігерлері шала туған баланы аман алып қалған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар