Алматы хайуанаттар бағында тотықұстардың қатары толықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағында бірден тотықұстың екі түрі балапан басты.
Зообақ мәліметінше, кейінгі жылдары алғаш рет хайуанаттар бағында ала розелла тотықұстарынан балапан алынды. Мамыр айында осы жұп бес балапан басып шығарды. Бұл хайуанаттар бағы үшін айтулы оқиға болған.
Одан бөлек кіші сақиналы тотықұстар жұбы мамыр айында үш балапан басып шығарған. Бұл құстар бірнеше жылдан бері тұрақты түрде ұрпақ өрбітіп келеді. Былтыр олар екі балапан басса, биыл ақпанда және мамырда екі рет балапан басып шығарды.
— Балапанның шығуы — олардың өзін жайлы сезінетінінің басты көрсеткіштерінің бірі. Әсіресе, ала розелла тотықұстарының балапан басуы біз үшін ерекше қуанышты жаңалық. Бұл құстарды құнарлы азықпен қамтамасыз етіп, тұрақты ветеринарлық бақылау жүргізіп, табиғи ортаға барынша жақын жағдай жасап жүрген мамандарымыздың күнделікті еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да қанатты мекендеушілеріміз бізді жаңа балапандарымен қуанта береді деп сенеміз, — деді Алматы хайуанаттар бағының экзотикалық құстар бөлімінің жетекшісі Айжан Сыбанбекова.
Еске салайық, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында керқұлан құлындағанын жазғанбыз.