Алматы қаласынан басқа өңірде жатақхана тапшылығы жоқ – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 10 439 орындық 29 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

– Студенттер үшін оқу жылының басында маңызды мәселелердің бірі – жатақханаға орналасу. Президент тапсырмасы аясында біз 82 мың төсек-орын тапшылығына 10 мыңға дейін қысқарттық. Биыл Алматы қаласынан басқа өңірде жатақханаға деген тапшылық жоқ. 2025 жылы 10 439 орындық 29 жатақхана пайдалануға беріледі, - деді министр.
Оның атап өтуінше, Астана мен Алматы қаларына студенттер көп келеді. Сондықтан өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, ахуал, дағдарыс орталықтары ұйымдастырылған.
– Жалпы, 55 жатақхана резервте тұр. Айталық, студент келіп орын таба алмаған жағдайда оны бірден дағдарыс орталығына жібереміз. Жатақханаға орналасу үшін берілетін өтініштің форматы оңтайландырылды. Өткен жылдан бастап студенттерге жатақхана беру қызметі автоматтандырылған проактивті форматқа көшірілді. Проактивті форматты іске асыру үшін «Smart Data Ukimet» жүйесі мен «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі біріктірілді, - деді Саясат Нұрбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін Ахуалдық орталық ашылғанын жазған едік.