Алматы көшелеріндегі жол жұмыстары қашан аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда биыл жалпы ұзындығы 250 шақырым болатын 340 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған.

Алматы жол
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жеткізілмек. Бүгін, 1 қыркүйекке дейін жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын 15 магистральдық көшенің учаскелерінде жөндеу аяқталған. Олар — Зенков, Жамақаев, Жетісу, Шемякин, Мәмбетов, Рысқұлбеков, Жанқожа батыр, Ескендіров, Ақан сері, Манас, Ғабдуллин, Жандосов, Орталық, Үшкемпіров көшелері мен Құлжа тасжолының учаскелері.

Ал Жұбанов, Өтеген батыр көшелерінің, сондай-ақ Алтынсарин және Абай даңғылдарының аумақтарында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген. Алдағы демалыс күндері асфальтбетон қоспасынан жабынның жоғарғы қабаты төселмек. Одан кейін жол таңбасы сызылады.

Сондай-ақ биыл Алатау ауданында 99 көше, Әуезов ауданында — 16, Наурызбай ауданында — 19, Бостандық ауданында — 39, Түрксіб ауданында — 21, Жетісу ауданында — 44, Медеу ауданында — 78 және Алмалы ауданында 1 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр.

— Бүгінде жұмыстар 70%-ға орындалды, 31 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған, — деп хабарлады басқармадан.

Ведомство өкілдері «Ақжар», «Боралдай» және «Рахат-Мәдениет» шағын аудандарында жалпы ұзындығы 96 шақырым болатын жаңа жолдың құрылысын жүріп жатқанын атап өтті. Қазір ол 80%-ға аяқталған.

Еске салайық, бұған дейін қала тұрғындары жаңа оқу жылына дейін көшелерде жол жұмыстарының аяқталмауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Осыған орай, Алматы көшелерінің көлік жүктемесіне дайындығы туралы жазғанбыз.