Алматы көшесінде жаңадан салынған тротуар опырылып қалған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желі қолданушылары Достық даңғылындағы атқарылған жұмыс нәтижесіне шағымданды.
Желідегі суреттен жаңадан отырығызылған көшет жанындағы тротуардың опырылып кеткенін көруге болады.
Еске салайық, 2025 жылы Достық даңғылын Абай даңғылынан Әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта абаттандыру жұмыстары басталды. Мердігер ұйым - «KDC Construction» ЖШС, бөлінген қаржы - 2,35 млрд теңге.
Алматы әкімдігі аталған жағдайға байланысты түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, Сәтбаев даңғылынан жоғары бірінші және екінші кірме жолдардың арасындағы учаскеде алдымен ірі көлемді ағаштарды отырғызуға арналған шұңқырлар дайындалған. Одан кейін ірі көлемді ағаштарды отырғызуға жауапты ұйым – ТОО «ГринЛанд» – жерді құнарлы топыраққа ауыстырған.
- Жер қазу жұмыстары мен жаңадан төселген топырақтың табиғи шөгуі нәтижесінде аталған учаскеде тротуар жабынының уақытша отыруы байқалды. 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап тротурады қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жабынды нормативтік жағдайға келтіру жұмыстары жер толық тұрақтанғанға дейін жалғасып, кейінгі мониторингпен бірге белгіленген мерзімде аяқталады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, Алматыда Пушкин көшесінің бір бөлігінде жаяу жүргіншілер аллеясы салынды.