Алматы құтқарушылары қауіпті тау бағыттарын атады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жазғы уақытта құтқару бригадалары тәулігіне 3–4 рет шақырту алады. Бұл туралы ҚР ТЖМ «Республикалық құтқару қызметі «Барыс» РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников айтты.
Оның айтуынша, дайындығы жоқ адам үшін таудағы барлық бағыттар қауіпті. Туристердің үстіне тас түсіп, ауа райы күрт құбылып не адам жолдан адасып кетуі мүмкін. Бірақ Алматы тауларында, әсіресе Аюсай шатқалы мен Күмбелсу шатқалына шығу күрделі.
- Аюсай шатқалында үш сарқырама бар. Мұндай учаскеден өту үшін арнаулы жабдық қажет. Дайындығы жоқ туристер ол жаққа өз бетінше бармағаны жөн. Одан бөлек Күмбелсу шатқалы өтуге келмейтін қиын жер саналады, – деп ескертті Павел Воскобойников.
Ққтқарушы өз мүмкіндігін асыра бағалаған адамдар тауда қиындыққа жиі тап болатынын айтты. Оның сөзінше, кейбір туристер гидпен бір рет жолға шыққаннан кейін тауды жақсы білемін деп ойлап, өз бетінше күрделірек бағытты таңдай бастайды. Барар жерін мұқият зерттеп алмай, тіпті қажетті жабдықты дұрыс таңдамай жолға шығып кететіндер де бар.
- Жолға шықпас бұрын маршрутты мұқият зерттеп, туыстарыңызға немесе достарыңызға нақты қай бағытпен жүретініңізді хабарлауыңыз керек. «Тауға кеттім» деген сөз болмайды: құтқарушылар кем дегенде шатқалдың атауы мен баратын жеріңізді біліп отыруы қажет, – деді ол.
Мекенжай белгілі болғанда іздестіру-құтқару жұмыстарының ұзақтығы екі есеге қысқаруы мүмкін. Егер бағыт белгісіз болса, құтқарушыларға үлкен аумақты тексеруге тура келеді.
Сондай-ақ жабдыққа да ерекше көңіл бөлу керек. Тауға шығарда тобықты жауып, оны түгел қымтап тұратын аяқ киім таңдаған дұрыс. Күн ыстық болған жағдайда мамандар ұзын шалбар, денені толық жабатын киім, күрте мен бас киім алып жүруге кеңес береді.
Спикер жасөспірімдердің ата-анасына да ерекше үндеу жасады. Айтуынша, кейінгі уақытта тауға 14–16 жастағы кәмелетке толмағандар өз бетімен жиі баратын болған.
Еске салайық, Алматы маңындағы тауда адасып кеткен екі жасөспірім құтқарылды.