Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына қатысты тергеу аяқталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Көліктегі полиция департаменті 2019 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air Fokker-100 ұшағы бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

– Қазір Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес күдіктілердің қорғаушылары қылмыстық іс материалдарымен танысу үстінде. Іс материалдарымен танысу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жақында Көлік министрі Марат Қарабаев Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауын тергеу қайта басталатыны туралы айтқан еді.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.