Алматы маңындағы тауда ірі тастар құлады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тау шыңынан ірі тастар құлады. Бұл сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. 

Алматы маңындағы тауда ірі тастар құлады
Фото: видеодан алынған скрин

Бейнежазбада оқиғаның Үлкен Алматы көлі маңында болғаны айтылған.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті зардап шеккендер туралы ақпарат түспегенін хабарлады. Таулы аймақты тексеру және жағдайды бағалау үшін оқиға орнына мамандар жіберілген. 

Ведомство «Қазселеқорғаудың» Үлкен Алматы өндірістік-пайдалану бөлімшесінің бақылаушысы аумаққа тексеру жүргізгенін атап өтті.

— Тексеру барысында № 12 көшкін жиналатын аумақтағы беткейдің құзды бөлігінен тас құлағаны анықталды. Оған тау жыныстарының табиғи үгітілуі, температураның ауытқуы мен жауын-шашын әсері себеп болған. Құлаған тастар жолға дейін жетпеген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, бүлінген нысандар тіркелген жоқ, — деп мәлімдеді департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының тауларында мәйіт табылды.