Алматы мен Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізу басталады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қалалық мобильдік пен логистика саласында бірқатар инновациялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының аумағында пилоттық режимде жүргізушісіз такси жобаларын іске қосу көзделген.
Ұзақ мерзімді перспективада бұл бағыт цифрлық экономиканың жаңа сегментін қалыптастырып, бюджетке қосымша түсімдер әкелуге мүмкіндік береді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жобалар заманауи технологияларды енгізу арқылы көлік саласының тиімділігін арттыруға және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 1 мамырдан бастап жүргізушісіз 50 автокөлік такси қызметін атқаратыны хабарланды.